Tasuta

Әзім әңгімесі

Tekst
Märgi loetuks
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa
 
Баланың қол-аяғын шешіп алды.
Мойнынан шырағым деп құшақтады,
Көзінің ағып жасы, бұршақтайды.
 
 
– Шырағым, мастықпенен қылыппын, –  деп,
Әуелгі сөзден танып және алдайды.
Әзім жас, ақ бейілдеу адам еді,
Ойлады: өтірік болса, неге именді?
 
 
Мастықпен қылса, қылған шығар-ау деп,
Іс көрмеген жастықпен және сенді.
– Мастықпен қылған болсаң, кештім саған,
Кәрі ит те: – шырағым – деп арсаңдаған.
 
 
Жел тынып, күн айығып баяғыдай,
Хикметімен тоқтатты бір жасаған.
Баланы сыйлап жатыр тамақ қамдап,
Су төккісіз жорға боп шал жылмаңдап.
 
 
Отыз құл мынау тек жан емес қой деп,
Әлінше қызметінде жүр тырбаңдап.
Бір мезгілде шал айтты: – Балам, тоқта,
Мысты алтын қылатын дәрі осы жақта.
Алыс емес, аз күндік жақын жерде,
Болмай ма молықтырып ап қайтсақ та?
Бала айтты: – Өзің біл! – деп бұл сөзіне,
Шал қуанды тиген соң ерік өзіне.
 
 
Төбесінен тік тұрып қылды қызмет,
Титтей шәргез келмейді мінезіне.
Сып етіп бір жағаға келді жетіп,
Шал жөнелді, баланы қасына ертіп.
 
 
Бір барабан тұр екен, қағып еді,
Қамады желмаялар дүбірлетіп.
Үш желмая ұстады жорығына,
Бірінің азық артты қомдығына.
 
 
Екеуіне ер ерттеп мініп алып,
Барабанды қалдырды орынына.
Желмаялар келеді желдей есіп,
Сұм шалдың бір тарапты көзі тесіп.
 
 
Шал айтады балаға: – Көрдің бе? – деп –
Бұлт тұр бұлдыраған елеңдесіп?
Ол өзі – бұлт емес, Қаптың тауы,
Бір бөлек үлкен таудың бергі бауры.
 
 
Бергі таудың басында сол дәрі бар,
Қырандай ап қайтармыз жібек баулы.
Түні бойы жүріпті, болды сәске,
Көрінді жарқыраған үйдей нәсте.
 
 
– Бұл не? –  деп сұрап еді, тұра қашты,
Биттей аял қылмады кәпір әсте.
– Бұл не? –  деп тағы да айтты Әзім сорлы,
Қашқаның не қылғаның мұнша ғұрлы?
 
 
– Шырағым, мұның өзі қатерлі жер,
Бұл бір қаскөй жәдігөй дәудің орны.
Соны айтты да, шал сабап жүре берді,
Бір өзен жатыр екен, соны өрледі.
Өзенді өрлегеннен бір айрылмай,
Дәл бесінде ұшыртып тауға келді.
Келді де бір жартасқа түсе қалды,
Азық артқан маяны жарып салды.
 
 
Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,
Өкпе-баурын тазалап, бәрін алды.
Сонда шал Әзімге арқан, қанжар берді,
– Маяның ішіне еніп, сен жат! –  деді, –
 
 
Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,
Тау басында самұрық бізді көрді.
Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,
Маяны іліп алып, биікке өрлер.
 
 
Бір жерге қонғаннан соң жар-дағы шық,
Именіп адамзаттан ұшып кетер.
Тау басында бар қара ұсақ топырақ,
Қапқа толтыр кешікпей жылдамырақ.
 
 
Қап толған соң арқанға байлап жібер,
Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.
Сонан соң арқаныңды тасқа байла,
Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.
 
 
Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,
Жарамайды, қылмасаң сүйтіп айла.
Қап алды, қанжар алды сонда Әзім,
Сөзінің ұқты бәрін қылмай жазым.
 
 
– Шырағым, айтқанымды жаңылма, –  деп,
Барынша қылып жатыр шал да тағзым.