Tasuta

Райымбек! Райымбек!

Tekst
Märgi loetuks
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa
 
Басыңда үйің, баурыңда қазан, нағылды?
 
 
– Неғылушы еді! Күшігің жерге қаратты!
Күлкі етіп мені күйінгендерге талатты.
– Түңіле бермей, туралап айтшы мəн-жайын,
Білейін мен де, естиін мен де, аңдайын?..
 
 
– Білесің əлі, атаңның басын аңдайсың?
Ұл емес, маған, жын таптың десем нанбайсың.
Ер орнына екесті ұлды туғанша,
Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың?
 
 
Шағылып тауы, құлазып көңіл мекені,
Түкенің астан оралған осы беті еді.
Бəйгеде болған ұлының əбес қылығын
Ойласа болды, өрт қарып ішін өтеді.
 
 
Намыстан өліп кетердей, міне, үзіліп,
Өкпесі кеуіп, қуарып, өңі бұзылып.
Малдасын құрып жұдырығымен жер тіреп,
Бейкүнə, момын бəйбішені отыр қыжырып.
 
 
…Жатаған келген Түкенің жалдас күреңі,
Дүйім ел білген дүлдүлдің нағыз бірі еді.
Кешегі аста бəйгеге қосып жүйрігін,
Келерін біліп, қауіпсіз, бейқам тұр еді.
 
 
Көз ұшындағы көлденең жатқан қырқадан,
Көрінген кенет бəйгенің шаңы бұрқаған.
Ию да қию ұрандап тұрған рулы ел,
Жамырай тілеп, жақындай түсіп бір табан.
 
 
Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді,
Кермені үзіп, сəйгүліктер де жеткен-ді.
Көре алмай Түке баласы менен күреңін,
Көзінің алды көлеңке тартып кеткен-ді.
 
 
Озғанды қауым қаумалап-киіп жатқан-ды,
Қалғандар кейін, озғандар гулеп, мақтанды.
Шорт сынған сағы, шошайып жалғыз Түке тұр,
Күңірентіп жүрген күрең ат қайда мақтаулы?!
 
 
Желпіне барып, желігін жұрт та басқан-ды;
Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.
Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді,
Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.
 
 
Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,
Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.
 
 
Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,
Келеді бала, есімін өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,
Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап,
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.
 
 
Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,
Бір сəтке қауым ішінен тына қалыпты.
Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
Албанға алғаш өсітіп өзін танытты.
 
 
Күрең ат тарпып, қара темірді шайнаған,
Қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр айнала.
…Асасын ұстап, Əлмерек дейтін би келді.
– Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?!
 
 
Е-е-е, Түкенің ұлы – түлейдің ұлы сен бе едің
Осы болған ғой түлей əкеңнен көргенің.
Саскөкектей өз атыңды өзің ұрандап…
Сырымбет пенен Хангелді сенен кем бе еді?!
 
 
Жетесіз туған, ант ұрып кеткір зəнталақ! –
Булығып тұрды, баланың көзі қанталап.
Қоқилана көлігі, басына қамшы үйірді,
Ақсақалдар да, көксақалдар да анталап.
 
 
– Оу, ағайындар! Жəбірлемеңдер баланы,
Жəбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?!
Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой,
Желісін үзіп, сендерден қайда барады.
 
 
Бара да қоймас, ұзай да қоймас сендерден,
Сендермен бірге тағдырын Тəңір тең бөлген.
Өз атын өзі ұрандағанның несі айып?
Аузына салып, періште шығар дем берген.
 
 
Жауына шапса өз атын өзі ұрандап,
Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ.
Есі бар тентек есейе келе ер болар,
Ерік беріңдер, неғыласыңдар бұғаулап…
 
 
Қарсы алдындағы қалқан боп тұрған Қабайды,
Қаршадай бала сүйеніш бəлкім санайды.
Санайды-дағы қауымға тіке қарайды.
Жүрегін жеген сөзін айтпақ боп талайғы.
 
 
Күреңіменен атылып шетке шықты да,
Айғайлап тұрып, анықтап, нақ-нақ, ұқтыра:
– Дəрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра,
Күшік тазыдай жылмаңдайсыңдар мықтыға!
Ата жауларың арқаңа бəлем, шықты ма,
Əкелеріңнің көріне, бəлем, тықты ма!
 
 
Қызыңды сатып, қымызға мас боп жатыңдар,
Xалықпысыңдар?! Қазан аңдыған қатындар!
Қорқау қасқырдай бірісін-бірі талаған,
Бірісін-бірі тонаған, тозған пақырлар! –
 
 
Деді де, бала күреңіменен самғады,
Өз атын өзі ұрандауынан танбады.
Тетір де болса, тентек баланың аруағы
Шашылып жатқан ауылды тегіс шарлады.
 
 
…Кешегі аста Əлмерек бидің сөккені,
Түкенің мүлде есінен бір сəт кетпеді.
Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс,
Талақ етті де бүгіні менен өткенін…
 
* * *
 
Түке өлген.
Он сегізде Райымбек,
Жүрген жоқ əке өлді деп, уайым жеп.
Тіріге тізе бүгіп, бас имеген,
Тізесін бүктірмесе Құдайы кеп.
 
 
Білігі, бітімі де бөтен екен,
Бар күні мал соңында өтеді екен.
Ерін – жастық, тоқымын төсеніш етіп,