Tasuta

Аққудың айырылуы

Tekst
Märgi loetuks
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa
 
 
 
Кешікпеді, шоқ қамыстан
Жасыл ұшқын жарқ етті:
Ақ түтінмен оқ қамыстан
Бұрқ атылды, шаңқ етті!
 
 
Кім бүйтті екен көлді жарып?
Суық жүрек шіркін-ай!
Айна көлді оқпен қарып,
Соққандай ғып көктен жай!
 
 
Аһ!.. деді де көл селк етті,
Аһ!.. деді аққу: «жаным-ай!»
Қыларын оқ қылып кетті;
Неге бүйттің, зəлім-ай?!
 
 
Дəл көздеді сұрша мерген
Шын сұлудың нақ төсін;
Селк етті аққу, мұрша келмей,
Басып қалды ақ төсін.
 
 
Төсін басып бір ұмтылды,
Жатты жайып құшағын;
Шоқ қамыстан тұра ұмтылды
Мерген алып пышағын.
 
 
Ойда жоқта бұлан етіп,
Тағдыр-минут кеп жетті.
Уыздай ақ төстен өтіп,
Көлді сызып оқ кетті.
 
 
Күңіренді көл қарғыс шашып,
Шулады көл гүрілдеп.
Аққу жатты төсін басып,
Ағып қаны, дірілдеп.
 
 
Айна көлге жылап ақты
Аппақ төстен қызыл қан;
«Хош, жаным!» деп қанат қақты
Үзілді тез шыбын жан.
 
 
Суды сабап, шапшаң мерген
Ақ қанатты қайырды:
Еш күнəсіз шашақ терген
Екі ғашықты айырды!
 
 
Көздегенін атып жығып,
Сұрша мерген кенелді;
Ұры шіркін келген бұғып,
Енді алшаңдап жөнелді.
 
 
Сол мезгілде аққу ұшты.
Жалғыз қалған жырақта;
Суды сабап келіп түсті
Түтін шыққан құраққа.
 
 
Аққу көрді ойда жоқта
Бір пəленің келгенін;
Ғашығының ұшып оққа,
Жау қолында өлгенін!
 
 
Аққу тағы зарлап ұшып,
Жалғыз қалған жарына;
Жығылды кеп суды құшып,
Сұр мергеннің жанына.