Loe raamatut: «Келін»

Font:

КЕЛІН

ЖҰМЕКЕН НƏЖІМЕДЕНОВ
(1935–1983)
1
 
Сонау жылдар еді бұл…
Күзетті аспан күңіренген ел үнін.
Ел күзетті əкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін.
 
 
Күзетті ана нəрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің іштен ілген есігін.
 
 
Ар күзетті туған жердің картасын,
Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын.
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
Ай күзетті кəрі аспанның қабағын.
 
 
Жатты солай талай қыс пен күз өтіп,
Бұл дүние бірін-бірі күзетіп…
 
 
«Сонау жыл» деп аталады ол енді!
Жазсақ-тағы шаттық жайлы өлеңді;
Елестетсем қара жылды, көз жасын,
Əлі күнге шыдамаймын өз басым.
 
 
Соғыс күлі көміп кеткен денені
Көктем гүлі қайта көктеп түледі…
Қасиетіңді білу үшін аяулы ел,
Қасіретіңді есіме алғым келеді.
 
 
Сонау жылдар еді бұл…
Келін сонда дəл жиырма бес жаста еді,
Ойламаушы ең қартаяр деп əсте оны.
Кісі жоқта айна алдына келетін,
киіп алып қызыл мақпал жилетін.
 
 
Түйме орынын жаңғыртумен күнбе-күн
Он саусақ та атқаратын міндетін.
Қайта-қайта тарқатылып қара шаш
қара бұлттай жаба-тұғын күн-бетін.
 
 
Белгісіз бір ұят буып кейде оны,
«Толысқаным – семіргенім ғой» – деді.
Бірден-бірге ауырлады ол, қалды əне
Бір ай бұрын киіп жүрген көйлегі.
 
 
Бір қуаныш, бір қорқыныш бойды алып,
Қала-тұғын кейде оңаша ойланып.
Күн-күн сайын үдей өсіп молайған
Арылғысы келе-тұғын сол ойдан.
 
 
Кейде алуға қызығатын ана атын, –
Мұндай сезім өзіне де жаңа тым.
Бірақ шалдар «қызым» десе – нұрланып,
«Келін» десе – қоңырайып қалатын.
 
2
 
Солқ етті жер бір түні…
Түтін жұтты көкжиектің құлқыны.
Сол бір сəтте жинай алмай түрды аспан
Миығында қалып қойған күлкіні.
 
 
Күлкі-дағы – күннен қалған бір белгі, –
Күн соңында қызыл шапақ тұрды енді…
Соғыс деген жалғыз ауыз сөз ғана
Сұп-суық бір шеңгелімен бүрді елді.
 
 
Бірінші рет жиырылды ақ маңдай,
Бірінші рет елегізді ел, батқанда Ай,
Жер тозаңы кетті бірден жайылып,
бүкіл дүние келі түйіп жатқандай.
 
 
Зірк еткізіп тепті жүрек кеудені,
ышқынған жан бірінші рет «Мен!» деді.
Жас келіннің жайнап тұрған жүзіне
күлкі-дағы бірінші рет келмеді.
 
 
Ойларынан ажырады ол жай күнгі,
бірінші рет мойындады қайғыңды.
Бірінші рет сүйіп еді бір жігіт,
одан-дағы бірінші рет айырылды.
 
 
Тұңғыш шыққан гүл секілді ырғала –
тұңғыш рет жарық көрді бір бала.
сол күн бұған сезім берді жаңа тым,
сол күн бұған алып берді ана атын.
Тез арықтап семіз өмір, тойлы өмір
Қайта киді сыймай қалған көйлегін.
 
3
 
Бұл үй сонда – көп үйлердің бірі еді,
бірі от жақса – күл алатын біреуі.
Қашан көрсең – қыстырулы тұратын
белдеуінде құрығы мен күрегі.
 
 
Сұлтан атай əңгіме етсе нені ұйып,
Ұлпа шешей тыңдай-тұғын кемиіп.
Айдар деген жалғыз ұлы бар еді,
Жігіт еді ол да өзінше əдемі:
 
 
Қошқар тұмсық, қысқа мойын, кең кеуде,
бел жұп-жұмыр, сала құлаш белбеу де!
 
 
Қақпақ жауырын, шалқақ біткен басы да,
тек маңдайы жараспайтын жасына.
 
 
Құдықшы еді колхозда ол сол жылы
Ғажап еді күштілігі, молдығы.
 
 
Құдық қазса қарайтын жұрт қызығып
Топырағы ұшады деп тізіліп.
Сөзге, сөзге шорқақ дейтін кейде ол,
бірақ кезін көрмепті ешкім сөйлеген.
 
 
Бұл семья – төрт-ақ адам делінді,
қоссақ егер жаңа түскен келінді.
Иə, бұлар төртеу еді, төртеуі
секілді еді төрт керемет ертегі.
 
 
Сұлтан атай ерттей қалса сары атын,
Ұлпа шешей айыл алып баратын.
Келін үйден көпшік алып шығатын,
Сүйтіп, бəрі бір ат ерттеп тұратын.
 
 
Бір түбірлі бəйтеректей саялы –
Бəрі қосып бір көлеңке жаяды.
Дастарқанның төрт бұрышы – төртеуі,