Tasuta

Тоғыз ауыл

Tekst
Märgi loetuks
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa

ТОҒЫЗ АУЫЛ

НҰРЫМ ШЫРШЫҒҰЛҰЛЫ
(1831–1908)
 
Сөз базарын бастайын,
Əуелі, Алла – Бірімнен,
Өзіңнің берген деміңнен.
Қателік кетсе, ғафу ет,
Сүйексіз жазық тілімнен.
Жад етсең Жаппар Алланы,
Арыларсың көңіл кіріңнен.
Аластама бізді, бір Алла,
Мақшардың таңы болғанда
Сəулелі жəннат күніңнен.
Бұрынғы өткен шайқылар,
Адастыра көрме ізіңнен.
Адыра қалған атамнан,
Опасыз пəни – сұм заман,
Қорқамын жаман түріңнен –
Бір жəрдем бізге болмаса
Жасаған Ие, пірімнен?!
 
 
Пірлер мен шайқы көп өтті,
Бұл пəни, сенің жүзіңнен.
Қабаты қалың қара жер,
Кіргендер шықпас түбіңнен.
Неше күн жолдас болармыз,
Жалғаншы дүние, сізіңмен?
Өлгеннен соң не пайда
Сайраған қызыл тіліңнен?
Алжастың басы сол екен –
Абылды Қабыл өлтіріп,
Қас болды кəпір бізіңмен…
Хан Аюке қалмаққа
Уса-Серен бас болып,
Дұшпанымен қас болып,
Қытайдың қалың шəрінен
Қалмақтың жұрты бүлінген.
Одан бергі заманда
Ағыны қатты ақ дария –
Емініп аққан Еділде,
Жағасы биік Жайықта,
Ойыл, Қыйыл, Самарда,
Аңқаты мен Қыйғышта
Қарға бойлы Қазтуған
Ердің даңқы білінген.
Қания деген қалмаққа,
Сол қалмаққа бармаққа,
Қызын қатын қылмаққа
Орақтың ұлы Қарасай
Ауыр антқа ілінген.
 
 
Қарабау мен Тайсойған,
Ол – Қайғы-Асанның жұрты екен,
Кəпірменен қас болып,
Мұсылманмен дос болып,
Əммеге дəрпі паш болып,
Қарауыл салмай қонған жер
Қорғанша деген күдірден.
Сондай жұрттың жері екен
Көлденең жатқан ұзын Жем.
Көргенім жоқ көзіммен,
Ескірмейтін есті сөз –
Айтамын сондай ызыңмен.
 
 
Тағы бір сөз айталы,
Ескі сөздің сағасы,
Жұмалы қарттың баласы
Өзі туған қарт ноғай
Жеті жылдай сүрінген.
Ескі сөздің мағынасы
Ноғайлының ішінде
Көзей қарттан білінген…
Бұл күндері болғанда,
Алладан қуат болмаса,
Не шығар артық тілімнен?!
Пайда тапқан жан бар ма
Бүгінде ділмар білімнен?!
 
 
…Бетегесі белден шық,
Жегендерін желдентіп,
Сəуір сала – Сарыарқа –
Біздің байлар баса қонған тербентіп.
Айрақты мен Алатау –
Кім тұрушы ед ол маңда
Адай-ата көшкен күн
Салтанатпен сəндентіп?!
 
 
Жазғытұрым болғанда,
Күн заузаға толғанда
Көшуші еді қарыштап,
Шайқылар қонған қара жұрт –
Маңғыстауды күңірентіп.
Көгорай балқаш солғанда,
Күн ақырапқа толғанда
Қайтушы ед елім қоныстап,
Қараша қаздай қыйқулап,
Қанаттарын серментіп.
 
 
Ойыл, Қыйыл, Жем, Қайнар –
Көлденең өтіп ел жайлар.
Арқаның алпыс саласы,
Алатау мен Сарыарқа
Біздің Адай тең жайлар.
Елеуретіп ерлерім
Екі жүйрік тең байлар.
Жаз нəубеті жетіле
Қозғалушы ед шарықтап,
Маңғыстаудың қара ойын
Қыя алмай шыққан не байлар.
Алғыйдың құба дөңінде
Бұйқыт жатқан еліңе
Қауырт тисе көп дұшпан,
Сонда шыны сор қайнар!
Күні бүгін болғанда
Адыра қалып барасың,
Қайран Шоқыбоз бен Бегайдар!
 
 
Шоқыбоз бен Бегайдар,
Бесқопа мен Бесқақтан
Ноғайлының елдері
Ерте тұрып, кеш жатқан.
Алғыйдың құба дөңінде
Қарға бойлы Қазтуған
Қауырт көшкен жер екен,
Қапыда дұшпан көп шапқан.
Бұрынғы өткен заманда
Манжұрдың ұлы Ер Шуақ
Атасы қалмақ демесең,
Ол-дағы əділдікті пір тұтқан.
Заманнан заман озғанда,
Күйкеннен бергі бауырда
Қателікті бір тапқан
Мусаның ұлы Орақтан.
Адыра қалған жер еді
Арғымақтың бауырынан тері аққан,
Алғаулы судың бойында
Азаматы өкінішпен дəм татқан.
Қарға бойлы Қазтуған
Қапы қалып, сол арада жау шапқан.
Манашыдай мырзаны
Қазалап қалмақ ант атқан.
Бұлықсыған ерлерім
Тарығып талай сан соққан.
Ол күндері оларға
Өштескен дұшпан көп екен
Кеудесіне кек қатқан.
 
 
Ноғайлының елінде
Ормамбет ханның – Азауыл1
 
 
Салмаған екен қарауыл.
Ойланбай қылған іс – ойран,
Пəрменмен болған жаза – ауыр.
Таршылық басқа түскенде
Бір Тəңіріні пана қыл.
Тар-қамашау қоныста
Жортуыл ердің жатқаны,
Қəперсіз асын татқаны –
Алладан келген қаза-дүр…
 
 
Қызарып күн батқанда,
Сарғайып таң атқанда,
Менменсіген ерлерім
Қателікпен алдырды –
Қауіпсіз, қамсыз жатқанда
Қапыда түсті қақпанға.
Елдің алды асқанда,
Көлденең-Шыңға басқанда;
Айтулы ердің тұқымы
Айла таппай сасқанда;
Қыз-келіншек, жас бала
Тұс-тұсына қашқанда –
 
1Азауыл – Азау қаласы.