Бақыт жолы

Tekst
Loe katkendit
Märgi loetuks
Kuidas lugeda raamatut pärast ostmist
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa

1.4 тарау. «С» ВЕКТОРЫ – адамның бақытын қалай өлшеуге болады?

Ой жүгіртіп көрейік. Бір минут ойланып, мына сұраққа жауап беріп көріңізші: «Бақытты қалай өлшеуге болады?»

Жоғарыда бақыт санадағы жарқын бейнелердің санына тікелей байланысты екенін айтқан болатынбыз. Егер адамның балалық шақтағы өмірі бақытты өтсе, үлкен мақсаттары мен армандары болса, және шаттық сезіміне бөленіп жүрсе, онда ол өзінің өте бақытты екенін айтады. Ал керісінше, қиын балалық шақтан өткен, жақындарынан айырылған, өмірдегі арман-мақсатын жоғалтқан адам өзін бақытсыз сезінетінін ашылып айтуы мүмкін.

Сонда адамның бақыт деңгейін, қаншалықты бақытты екенін айқындайтын, жан дүниесінде не жатқанын сарқып алатын терең сұрақтар қою немесе өмірді қаншалықты көркем етіп елестететінін сұрау арқылы білуге болады. Яғни оның сөздерінен анықтап, қорытынды жасай аламыз, солай ғой?

Бірақ бақыт деңгейін тек сыртқы белгілерге ғана қарап біле аламыз ба?

Әрине, мұны оның сезімдерінен, эмоцияларынан оп-оңай түсінуге болады! Егер адам үнемі күлімсіреп жүрсе, өмірдегі кішкентай нәрселерден қуаныш таба алса, өз жұмысына ынталы болса, отбасы туралы сүйіспеншілікпен айтса, демек оның бақыт деңгейі өте жоғары деген сөз. Ал керісінше, егер сіз адамның үнемі көңілсіз, наразы, баяу және ашуланшақ екенін байқасаңыз, оның бақыт деңгейі төмен деген сөз. Яғни, әр адамның қаншалықты бақытты екені, былайша айтқанда, «маңдайында жазулы тұр».

Алайда, адамның эмоцияларына қарап бақыт деңгейін анықтағанда, сіз жаңылысып та қалуыңыз мүмкін. Мысалы, сіз адамдардың қайсысы бақыттырақ екенін анықтай аласыз ба: қорқып тұрған адам ба, әлде ашуланып тұрған адам ба? Немесе, апатиядағы адам ба не қайғыға батқан адам ба?

Жағымды эмоциялармен шатаспайтын шығарсыз, бірақ жағымсыз эмоциялармен оңай жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Қайғы, апатия, ұялу, кінә, қорқыныш, агрессия, аяушылық – бұл эмоциялардың барлығының айқын иерархиясы (бөліктердің не элементтердің жоғарыдан төменге қарай орналасуы) бар. Адамдар бұл туралы аса ойлана бермес, негізі олардың барлығын бақыт пен бақытсыздық деңгейі бойынша жалпы бір шкала етіп қатарластыруға болады.

Эмоциялардың әр түрлі шкаласы бар. Мысалы, біз әр эмоцияның күшін көрсететін Дэвид Хокинстің «Сана-сезім картасына» қарай аламыз. Сонымен, шкаланың ең төменгі жағында – ұятқа қалу, маскара болу эмоциясы, ал ең шыңында – жадырау тұр. Мен сізден осы картаны және эмоциялар иерархиясын мұқият қарауды сұраймын. Бұл шкала бойынша толық бақытқа «жадырау» деп аталатын ең жоғары деңгейде болғанда қол жеткізуге болатынын анықтай аласыз. Ал ұятқа қалған кезде сіздің бақыт деңгейіңіз нөлге тең. Ашуланғанда, кішкене ғана бақыт болады, ал қайғыда бақыт мөлшері одан да аз. Бұл ойды бірден қабылдау қиын болар, бірақ уақыт өте келе оның дұрыстығына көз жеткізетін боласыз.

1 Кесте. Эмоция шкаласы (Дэвид Хокинстың сана-сезім картасы)


Тағы мынадай қорытынды жасауға болады – азап шегу мен жағымсыз бейнелер неғұрлым көп болса, эмоцияңыз соғұрлым төмендейді. Керісінше, бақыт пен позитивті бейнелер көп болған сайын, сіз осы шкала бойынша жоғары деңгейге көтеріле бересіз.

Кейінгі тарауларда біз осы жағдайлардың кейбірін толығырақ қарастырамыз. Ал әзірге бақыт деңгейіміз осы шкаланың қай деңгейінде тұрғанымызға тікелей байланысты екенін түсіну жеткілікті.

Түсінуіміз керек келесі жайт – негізі біз осы шкаланың айтарлықтай жоғары деңгейіндегі күйінде дүниеге келеміз, бірақ уақыт өте келе өмірдегі жағдайлар, сол деңгейімізден бізді түсіре бастайды. Қарапайым тілмен айтқанда, санамыздағы жарқын бейнелерді жоғалтқанда, біз осы шкаламен төмен түсеміз, ал жарқын бейнелер орнап не оларды жасағанда жоғары көтерілеміз.

Алдыңғы тараудағы кішкентай қыз туралы мысалды алайық. Мен сізге айтылған теорияны түсінуіңіз үшін осы мысалды кестеге қарап талқылауды ұсынамын. Кішкентай қыз қабырғаға сурет салғанда, қуаныш пен гармония не махаббат күйінде болған шығар. Бұл шкала бойынша айтарлықтай жоғары деңгей. Анасы дауыс көтергенде, қыз ақыл деген деңгейге түсіп, не болып жатқанын талдай бастады. Содан кейін, анасы оны басынан ұрғанда, бала тағы бір-екі деңгейге, мүмкін «бейтараптыққа» дейін төмендеген болар. Анасының «ақымақсың» деген сөзінен кейін, бала ашу күйіне тағы төмен түседі. Ал анасы бұйрықпен: «Енді қайтып бұл қабырғаға тиісуші болма» дегенде, қыздың эмоциясы қорқынышқа түсіп кетеді. Ал фломастерді қолынан алып қойғанда, бала мұңаюға дейін төмендеп, жылай бастайды…

Егер анасы мұнымен шектелмей, тұсқағазды бүлдіргенін айтып қызын кінәлай бастаса, баланың эмоциясы шкала бойынша одан сайын, апатияға дейін, кейін өз-өзін кіналауға дейін төмендеп кетеді. Ал әрі қарай, ұятқа қалуға дейін барады.

Бір сөзбен айтқанда, өмірдің әрбір «соққысы» бізді осы шкала бойынша төмендетеді, сондықтан жан дүниесі өте жоғары деңгейде дүниеге келген бала, уақыт өте келе сол деңгейден төмендей береді және біртіндеп қартайған шағына дейін апатияға, сарыуайымға, кінә мен ұятқа дейін төмен түсіп кетеді.

Енді басқа мысалды көрейік. Бұл мысалдағы адам шкала бойынша керісінше, төменнен жоғары көтеріледі. Бала өте бақытсыз отбасында және әл-ауқаты төмен жерде өмір сүрді делік, сондықтан ол мектепті бітірген кезде ұятқа қалу деңгейінде болады. 17 жасында ол басқа қалаға оқуға кетеді, онда ол мүлде басқа әлемді, өркениетті қоғам мен мәдениетті адамдарды көреді, бұл оның осы шкаламен біртіндеп көтерілуіне септігін тигізеді. Ол қуаныш пен махаббат күйіне бірден көтерілмейді. Алдымен ол туған қаласында бауырлары қиындық көріп жүрген кезде өзінің осындай еркін өмірге аяқ басқанына өзін кінәлі сезінеді. Бір күні ол таныс-достарына қарап, өз өмірі олардыкіндей мағыналы емес екенін түсініп, апатияға дейін көтеріледі. Егер оның жақсы достары, дана мұғалімдері болатын болса, онда ол бір күні өзгелерге өмірі қаншалықты қиын екенін айтып шағымдана бастайды. Егер ол алғашқы жақсы бағаларын алса, университетте жақсы атқа ие болса, алғашқы махаббатын кездестірсе, алғашқы шәкіртақысын алса, ол біртіндеп осы шкаламен көтеріле бастайды да, мүмкін бір күні ақыл-ой, махаббат пен қуаныш деңгейіне жетеді.

Бірақ, өкінішке орай, өмірде бәрі де оңайлықпен бола қоймайды. Өйткені біздің ақыл-санамыз осы шкала бойынша төмен түсіп кетуі оңай, ал көтерілуі қиын болатындай етіп қалыптасқан!

Мысалы, жақсы жаңалықтар әдетте бізді қысқа уақытқа ғана осы шкаламен көтереді, бірақ жаман жаңалықтар бізді «құлатып», ұзақ уақыт төменгі эмоцияда қалдыруы мүмкін. Осы себептен де дүниеде қайғы-қасірет пен ауру көп.

Қуанышымызға орай, мұның түсінікті себептері бар. Алда қалған векторлардың (ойлар, дене, есте сақтау) механизмдерін қарастыратын боламыз, сонда неліктен түпсанамыздың осындай тұзағында екенімізді және бұл тұзақтың табиғаты қандай екенін жақсырақ түсінесіз. Ең бастысы, өмірдегі жағдайлар сізге бірнеше ауыр соққы беріп, сізді эмоциялар шкаласының төмен деңгейіне дейін «шегелеп тастағанына» қарамастан, сіз осы заңның әділетсіздігімен күресуді және тез арада өз-өзіңізді қайта қалпына келтіруді үйренесіз.

Алдымен біз эмоциялармен байланысты бірнеше нюанстарды қарастыруымыз керек. Бұл эмоциялар шкаласында шатастыратын жайттар көп болғандықтан, оның мән-жайын анықтап алуымыз керек.

Сонымен бірінші нюанс – біз ӨМІРДІҢ ӘРТҮРЛІ САЛАСЫНДА әр түрлі эмоцияларды бастан кешеміз. Яғни, адам жұмысында өте байсалды болуы мүмкін, ал достарымен әңгімешіл болады, үйде болса, тіптен түсініксіз басқа күйде болуы мүмкін. Негізі бұл, солай болуы тиіс кәдімгі жайт. Барлығымызда да сәтсіздіктері мен қысымдары аз болатын өмірдің салалары бар, сондықтан бұл салаларда өзімізді мейлінше бақытты сезінеміз. Егер бір ер адам әрдайым футболдың үздік ойыншысы болған болса, ол 35 жасында, қызығы жоқ жұмысы мен отбасындағы ұрыс-керістерге қарамастан, достарымен футбол алаңында ойнауға шықса, кенеттен қуаныш пен энтузиазмға дейін көтерілуі мүмкін. Немесе егер тұрмыстағы жас қыз әжесінің ең сүйікті немересі болған болса, күйеуімен арасындағы проблемалар мен ауыр жұмыс аптасынан кейін, әжесіне барып уақыт өткізгені эмоциясын өте жоғары деңгейге көтеріуі мүмкін. Басқаша айтқанда, адам жұмысына бейтарап қарауы, достарына қастық, ақшаға немқұрайдылық, хоббиіне көтеріңкі көңіл және көлік жүргізуге қорқыныш сезінуі мүмкін. Сондықтан, сіз адаммен «алыстан» араласқанда, жалпы алғанда, оны орташа деңгейдегі эмоцияда көре аласыз, ал онымен жақынырақ араласқанда, оның осы орташа эмоциядан жоғары да, төмен де күйін көресіз. Бұл кәдімгі жайт.

Екінші нюанс – күні бойы біз ТҮРЛІ ОҚИҒАЛАРҒА байланысты бір эмоциядан екіншісіне АУЫСА АЛАМЫЗ. Әрбір кішігірім жағдай да бізді шкала бойынша төмендетеді не көтереді. Мысалы, таңертең сіз бейтарап күйде оянуыңыз мүмкін. Кофе ішкен соң ақыл деңгейіне көтерілесіз. Ұйықтап жатқан балаларды көріп, сіз махаббат деңгейіне көтірілдіңіз. Ал кейінірек валютаның девальвациясы туралы жаңалықты оқығанда, қорқыныш деңгейіне құладыңыз. Содан соң кептелісте апатияға түстіңіз. Ал жұмыста жалақы алғаннан кейін бейтараптыққа көтерілдіңіз. Бұлар да кәдімгі жағдайлар. Біз үнемі ағартушылық күйінде болуды мақсат етпеуіміз керек. Осындай мақсат қойған адамдардың түсінігі қате деп айтуға болады. Егер үнемі эйфория, ағарту мен махаббат күйінде болатын болсаңыз, міне осыны қалыпты жағдай, кәдімгі жайт деп айта алмаймыз. Бұл ессіздіктің белгісі болар еді. Досыңыз сізге анасының қайтыс болғанын айтты делік. Осыдан кейін ағартушылық күйінде қалу есінен адасқандықты білдіреді ғой. Сондықтан түсінуіңіз керек басты нәрсе – сізде жан дүниеңіздің күйін тез қайта қалпына келтіре алатын қабілет бар әрі шкала бойынша жылдам көтеріле аласыз. Бар болғаны осы. Бұл пейнхантингтің түпкі мақсаттарының бірі.

Үшінші нюансқа көшейік. Біз БІР МЕЗГІЛДЕ БІРНЕШЕ ЭМОЦИЯНЫ сезінуіміз мүмкін. Егер сіз сезімтал адам болсаңыз, кейде адам бір мезгілде аралас эмоцияларды бастан кешіретінін байқаған шығарсыз. Мысалы, біреу балаға ұрысып айғайлап тұрып, сол сәтте айғайлағаны үшін өзін кінәлі сезініп тұруы да мүмкін. Нәтижесінде ол абдырап қалады, бақытсыз болады, оның көңіл-күйі де «шайқалады». Немесе, мысалы, университет бітірген жас түлек бір жұмысқа қабылданғаны туралы жаңалықты естиді, осы сәтте ол көптеген эмоцияларды бастан кешіреді: шаттық, қорқыныш, қуаныш және тіпті ұятты сезінеді. Нақтырақ айтсақ, жақсы жаңалыққа шаттық, жұмыстағы жауапкершіліктен қорқыныш, ата-анасының мақтан тұтатынына қуаныш сезінеді және жеткілікті жақсы оқымағанына әрі өз мамандығын жетік білмегеніне ұялады. Түсіндіңіз бе? Ал дәл осы сәтте сіз оның жүзінен таңдануды және эмоциялардың әр түрлі көрінісін байқай аласыз. Шындығында, өмірде біз жиі осындай жағдайларға тап болып жатамыз. Осы жағдайлардың барлығында көптеген ойлар мен эмоциялар, бәрі қатарынан бірер секундта пайда болады. Кейінірек ол бірнеше секундта орын алған осы оқиғаны достарына бір сағат бойы айтып беруі мүмкін! Сонда ол сонша мәліметті қайдан алады? Иә, ол өз санасындағы кинотаспадағы кадрларды жай ғана «баяулатып», бір сәтте пайда болған жүздеген ойлар мен эмоцияларды егжей-тегжейлі баяндайды.

 

Енді төртінші ерекшелік туралы айтайық. ЖАЛҒАН және ШЫНАЙЫ ЭМОЦИЯ деген ұғымдар бар. Оларды анықтау және олардың арасындағы айырмашылықты түсіну соншалықты қиын емес. Бірақ егер қабырғасы қайысып тұрса да, адам үнемі күлімсіреп жүруі тиіс деп қабылданған Батыс әлемінде өмір сүрсеңіз, онда бұл жағдайда жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Мұны әдетте ер адамдар онша байқай бермейді және шынайы емес эмоцияларға оңай сенеді, ал дәл сол сәтте олардың сезімтал әйелдері сол адамдардың шынайы бет-бейнесінің қандай екенін алғашқы секундтан-ақ түсіне алады. Демек, жалған эмоция – бұл өзгеге әсер қалдыру үшін, былайша айтқанда бетперде киіп ел алдында көрсетілетін эмоция. Ал шынайы эмоция – көңіл түбінде, жан дүниесінде сезініп жатқандары. Мысалы, сіз қонақтарды қарсы алып жатқанда іштей енеңізге ашулануыңыз мүмкін, бірақ бет-жүзіңізге қуаныш маскасын «киіп» аласыз. Егер сіздің енеңіз өте сезімтал болса, ол сіздің жалғандығыңызды түсіне қояды, ал егер олай болмаса, ол сіздің жалған эмоцияларыңызға сенеді.

Сонда бізге бұл нюанстар не үшін қажет? Ортақ мақсатымызды жақсы түсіне алуымыз үшін қажет. Ал біздің ортақ мақсатымыз – сізді бақытты ету!

Дәл осы кезде сіз, біріншіден, бізде пейнхантингте бақытты болғансып көріну деген мақсат жоқ екенін нақты түсінуіңіз керек! Біз сіздің жасанды, жалған эмоцияларыңызбен жұмыс жасауды мақсат етпейміз. Өкінішке орай, қазіргі заманғы көптеген коучтар, әсіресе Батыстағы, бізді позитивті эмоцияларды жасанды түрде жасауға талпындырады. Олар біздің жанымыз бұған бейімделеді, сондықтан сәлден кейін өзімізді шынымен бақытты сезіне бастаймыз дегенді айтады. Бұл қандай да бір шамада дұрыс-ақ, бірақ бұны кофе ішумен салыстыруға болады. Егер сіз сәл ұйқыңыз қанбай тұрсаңыз, қою кофе ішіп ояна аласыз, бірақ егер тек екі сағат қана ұйықтаған болсаңыз, онда ешқандай кофе көмектеспейді. Бұл жағдайда сізге өзіңізді азаптамай, жәй ғана ұйықтап алу керек. Яғни, егер қатты күйзеліске түссеңіз, ешқандайда жасандылық сізді бақытты етпейді. Пейнхантингте біз жан дүниеңізде сезініп тұрған шынайы эмоцияларыңызбен жұмыс жасаймыз. Жүздеген пайдасыз аффирмациялар, визуализациялар және медитация бізді жасанды эйфорияға итермелейді, бұның салдарынан жан дүниемізде тереңде жатқан жаралар мен жан азабы емделмей сол күйі қалады. Ал пейнхантинг көзбояушылық жасап, бақытқа жеткізгендей етпейді, ол азапты жан жараларыңыздан арылта отырып, жан дүниеңізге шынымен бақыт сыйлайды.

Екіншіден, пейнхантинг сізді «тәулік бойы бақытты» етпейтінін түсінуіңіз керек. Тәулік бойы бақытты боп жүретін адам – шындығында жан дертіне ұшыраған ауру адам. Мысалы бұл нашақор, өйткені ол дүниені дұрыс қабылдамайды. Бұл өзгелердің наразылығын түк елемей, бәрін сүйе беретін маскүнем. Бұл өзін Құдайдың елшісі санайтын жан дертіне ұшыраған науқас. Пейнхантинг сізді мұндай етпейді. Керісінше, дүниені бұрмалаусыз және әсірелендірілген жағымсыз бейнелерсіз адекватты қабылдауға көмектеседі. Пейнхантинг сізге күштірек, ақылдырақ және стреске төзімдірек болуыңызға көмектеседі. Сіз барлық басқа адамдар сияқты эмоциялар шкаласы бойынша төмен түсетін боласыз, бірақ сізде үлкен артықшылық болады. Яғни, шкала бойынша тез-ақ көтеріліп кетесіз және төменгі деңгейлерде қалып қоймайсыз.

Үшіншіден, пейнхантинг сізге түпсанаңызда босқа қажетсіз нәрселерді айналдыра ойлай беру процесін азайтуға көмектеседі. Миллиондаған адамдар шын мәнінде жоқ нәрсені саналарында айналдыра ойлай бергеннен қажып жүр. Пейнхантинг санаңыздан барлық қажетсіз бейнелерді алып тастайды, сонда сіз дүниені шындыққа сай қабылдайсыз. Пейнхантинг сізге жаныңыз тіреліп қалып қойған балалық шақтағы оқиғаларда емес, ҚАЗІР және ОСЫНДА болуға көмектеседі.

Әрине, төртіншіден, пейнхантинг сізге өміріңіздің барлық салаларын жақсартуға көмектеседі. Біз сізге өзіңізді әлдеқайда жақсы сезінетін салада ғана жетістікке жетуді үйретпейміз. Ұнамаған ортаны тастап, сүйікті елге көшіп сонда өмір сүруге, жалықтыратын жұмысыңызды тастап, басқа сүйікті мамандығыңызды іздеуге кеңес бермейміз. Біз сізге өміріңізде болып жатқан жайттардан қашпай, яғни шындыққа тура қарап, өміріңіздің барлық саласында жеңіске жетуді үйретеміз! Бақытты болу үшін қоғамнан Тибетке қашу – бұл жеңіс емес, жігерсіздік пен қорқақтық. Жайсыздықты сезінбеу үшін достарыңыздан оқшаулану, бұл керемет емес, қайта күлкілі жайт! Руханилыққа қол жеткізу үшін материалдық игіліктерден бас тарту – бұл даналық емес, нағыз ақымақтық. Шын мәнінде, пейнхантингтің көмегімен сіз отбасылық өмірде де, материалдық істерде де, рухани нығаюда да жетістікке жете аласыз, өмірдің рахатын барынша сезінесіз.

Ал енді қорытындылайық. Біз басты вектор – эмоцияларды қарастырдық. Эмоциялар шкаласын зерттеп, оны түсіне бастадық. Бұл шкала алда сізге көп пайдасын тигізбек әрі осы кітаптың барлық идеяларын тереңірек түсіну үшін оған қайта-қайта оралып тұрасыз.

Енді пейнхантингтің келесі векторына көшейік. Бұл біздің ойымыз, сеніміміз бен көзқарасымыз. Өмірімізде жақсы не жаман жайттар орын алғанда, ойымызбен не болатынын қарастырайық. Ендеше кеттік.

1.5 тарау. О ВЕКТОРЫ— теріс көзқарастар мен ұстанымдар қалай пайда болады

Ой – материалды десем, ешкімді таң қалдырмаспын. Яғни, өмірімізде болып жатқан оқиғалардың бәрі кешегі ойларымыздың нәтижесі. Жүздеген кітаптар, мыңдаған тренингтер осы идеяға арналған. Қуанышқа орай, миллиондаған адамдар тағдыры өз қолдарында екенін, өз өмірлерін өздері жасайтындарын жақсырақ түсіне бастаған. Саналы адамдардың көбісі бұған қатысты дауласпаса да, кейде өмірімізде болатын жағдайлар бұл сөздерді шындыққа жанаспайтындай етіп көрсетеді. Мысалы, күтпеген жерден жақын досыңыз сатқындық жасап «арқаға пышақ сұғады». Ал осы сәтте сіз бұл шындықты өзім қалап жасамадым ғой деп ойлайсыз. Сонда неліктен бұлай болды? Немесе күтпеген жерден сүйіктіңізден айырылып: «Сонда мен ойлап, осындай қатыгез жолмен іске асқан соншама қай ой?» деп таңырқайсыз. Я болмаса, кенеттен айықпас дертке шалдыққаныңызды білесіз. Қандай ойларым мені осындай жағдайға душар жеткізді деп ойларсыз.

Бұрынғы ойларды еске түсіріп, санасына қазбалай үңілген адам кейде басынан өткен барлық қайғылы оқиғалар үшін өзін кіналай бастауы мүмкін. Нәтижесінде, оған «ойлар материалдық» деген идея тым қатал бола бастайды, сондықтан оны қабылдағысы келмей санасынан лақтырады да, дүние хаосқа толы екеніне және бұл хаосқа еш әсер ете алмайтынына сене бастайды.

Сондықтан, ақырында, жағымсыз жағдайдың түп-тамырын табудың, яғни СЕБЕБІН іздеудің орнына, САЛДАРЫНА ұрынады. Ол басқаларды кінәлай бастайды және жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарамайы. Өз өміріне еш әсер ете алмаймын деп санап, барған сайын өмірін басқарып отырған ата-ана, мемлекет, апаттар, планеталар, сандар мен күндер және т.б. дегенге сене бастайды.

Бірақ ащы шындық мынадай – сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз тағдырыңыздың, өз өміріңіздің иесі сіз өзіңізсіз. Қалай болған күнде де, Құдай, жұлдыздар мен планеталар, өмірімдегі суреттерді салады деп ойласаңыз да, өз ойларыңызбен өміріңіздегі «бейнелерді салуды» өзіңіз жалғастырасыз.

Бұған, әрине, бірден сену қиын, бірақ онкология, қант диабеті немесе инфаркт сияқты аурулар да өздігінен пайда болмайды. Олардың белгілі бір психологиялық себептері бар. Бұл аурулар санада қалған күйреткіш әсері бар бұрынғы ойлардың нәтижесі. Тіпті көшедегі бомж осылай үй-күйсіз адам болуға өз еркімен шешім қабылдаған. Ер адаммен ешқашан жақын қарым-қатынаста болмаған 40 жастағы әйел де, өмірінің белгілі бір кезеңінде осылай жалғызбасты өмір сүруге шешім қабылдаған. Көлік апатынан қайтыс болған адам да, апатқа дейін өлуді шешкен. Мен мұны теорияшы-пәлсапашы ретінде айтып отырған жоқпын. Мен мұны тәжірибеші ретінде айтып отырмын. Мен және пейнхантерлер тобым, клиенттердің ойларының «түпкі тамырын» мыңдаған рет сәтті тапқан болатынбыз, осы ең түпкі ойлары өмірлеріндегі бүгінгі проблемаларына әкелген. Сондықтан мынаны растай аламыз: иә, ойлар шынымен де материалды!

Бірақ бұған қатысты абыржымаңыз деп айтуға қуаныштымын. Кітапты оқу барысында үнемі осы шындықты есіңізге түсіріп, қайта-қайта сендіріп отыратын болады деп уайымдамаңыз! Біз бұдан әрі қарай жүреміз! Мен сізге осы түпкі ойларды дәл анықтауды және оларды жоюды үйретемін! Көптеген рухани гурулар, тәлімгерлер қайғы-қасіретіңіздің себебі сіз өзіңіз екеніңізді растап, бұның шешімдерін ұсынады, бірақ бұл шешімдердің сізге көмектесетініне еш кепілдік жоқ. Бақытымызға орай, пейнхантингтің көмегімен бұл жетіспеушіліктің орны толтырылады. «Ойлар – материалдық» дегенге сеніп қана қоймай, мұның рас екеніне іс жүзінде бірнеше рет көз жеткізетін боласыз және бастысы, ойларыңыздың көмегімен шынымен де өз өміріңізді оңай және сенімді басқаруды үйренесіз.

Алдыңғы тараулардағы төрт жасар қыздың мысалына оралайық. Жоғарыда айтқанымдай, бірдей жағдайға тап болған әр түрлі адамдар өздері үшін түрлі ұстаным-нанымдарды таңдайды. Бірі өмір бойы өзінің дұрыстығын басқаларға дәлелдеуге шешім қабылдайды, екіншісі – әрқашан осындай жағдайлардан аулақ болуды, ал үшіншісі – дүниеден мүлдем жасырынып, өзімен-өзі болып, тұйықталуды шешеді. Бұларды болжау мүмкін еместей көрінер. Бірақ, біріншіден, сіз осы тараудың соңында, эмоцияларды болжап айтуға болатыны сияқты, бұл ойларды да болжауға болатынын түсінесіз. Екіншіден, осыған дейін орын алған оқиғаларға, яғни бұрын болған жағдайға оралып, сол кезде қабылданған барлық шешімдерімізді еске түсіріп, оларды жойып, жаңа, әлдеқайда позитивті шешімдер қабылдай отыра, сол ойларымызды түзете аламыз.

Егер төрт жасар қызымыз енді ешқашан сурет салмаймын деп шешсе, онда кейін оның шығармашылық өнерінде қиындықтар туындайды. Мысалы, егер болашақта оның досы сурет салуды өте жақсы меңгеріп алса, біздің қызымыз іштей «мен де жақсы суретші бола алар едім ғой» деп қатты қамығады. Немесе оны көркем өнер студиясына жіберсе, ол сурет салуға ішкі қарсылық сезіп тұратын болады. Өйткені, оның жан дүниесінде «сурет салма» деген ой бар.

Қыздың басқа ойлары да болуы мүмкін. Мысалы, ол өзі үшін ешқашан бірдеңені ойластыруға және жасауға болмайды деп шешуі мүмкін. Немесе өнерін анасының алдында ешқашан көрсетпеу керек деген тоқтамға келген болар. Я болмаса, керісінше, егер ол анасының әрекетін әділетсіздік деп есептесе, болашақта анасына өзінің дұрыстығын дәлелдеуге деген қалауы бастан кетпей тұратын болады.

Бұл ойлардың туындауы не нәрсеге байланысты? Адам бұрын болған эмоционалды күйге байланысты. Сонымен, егер қыз бастапқыда қуаныш күйінде болса, онда анасының жәй наразылығы оны бейтарап күйге түсіреді, мүмкін оның көзқарасы да бейтарап болар. Мысалы, ол: «Анам сұрамаған нәрсені жасауға тырыспаған дұрыс» деп ойлайды. Бұл ойы оның жанын ауырта қоймас.

Ал егер анасы наразылығын білдіріп қана қоймай, баланы ұрып жіберіп, ұрсып, ақымақ деп атаған болса, онда ол ашу деңгейіне, тіпті одан да бетер, апатияға дейін түсіп кетеді. Сәйкесінше, балада: «маған айқайлауына анама ешқашан жол бермеймін» деген ызалы ойлары немесе «Бұл дүние әділетсіз және қатал, сондықтан жақындарыңның қолдауына арқа сүйеме» деген үнжырға түсіретін ойлары болуы мүмкін. Мәнін түсіндіңіз бе? Ойлардың шын мәнінде өзіндік «көлеңкесі» болады. Олар әрқашан эмоцияларды «қамтиды»! Бұл теорияның ғылыми түсіндірмесін іздеуге тырыспаңыз, өйткені аса маңыздысы бұл емес. Ойлар немқұрайлы, ызалы, қайғылы не керісінше, позитивті және қуанышты болуы мүмкін екенін жәй ғана қабылдап елестетіп көріңіз.

Сонымен, қорытындылайық. Сіз бір мезгілде екі векторға, ойлар мен эмоцияларға, назар салуды үйрендіңіз. Олар бір-бірімен өте тығыз байланысты.

Осы екі вектордан басқа, біз әрі қарай қалған екеуімен, дене және жадымыздағы бейнелермен, жұмыс істеуді үйренеміз. Бірақ әрі қарай жылжымас бұрын, ойлардың тағы бір қызықты табиғатын қарастырайық. Біз олардың «өмір сүргіш» сипаттамаларын қарастырамыз. Сәлден кейін сіз санаңызда күніне он мыңдап туындайтын ойларыңыздың ешқайсысы да, арнайы қайта еске түсіріп, олардан өзіңіз бас тартпайынша, ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз.

 

Балалық шақта қабылдаған көптеген шешімдер, нанымдар, ойлар, тұжырымдар мен постулаттар түпсанамызда тұратынын және олардың ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз. Олар ұмытылмайды да, жойылып та кетпейді!