Бақыт жолы

Tekst
Loe katkendit
Märgi loetuks
Kuidas lugeda raamatut pärast ostmist
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa

1.8 тарау. «Е» ВЕКТОРЫ – Жадымызды жаман бейнелерден қалай тазартуға болады?

Біз пейнхантингтің екі векторын қарастырдық. Бұл эмоциялар мен ойлар. Сіз олардың бір-бірімен байланысты екенін анық түсіндіңіз. Сондай-ақ эмоцияларымыз шкала бойынша жоғары деңгейде болған кезде, ойларымыз дана әрі адекватты болатынын түсіндіңіз. Керісінше, эмоцияларымыз шкаланың төменгі жағында болғанда, ойларымыз ақымақ та қисынсыз болады.

Ал жадымызда ше, шкала бойынша көтерілгенде не төмендегенде, не болады?

Балалық шағы бақытты өтсе де, кейбір адамдардың 40 жасына таман, өмірінде болған бар қуанышын ұмытып, тек жаман бейнелерді ғана есте сақтайтыны туралы айтқан едік. Алайда бұл адамдардың өзімен бір ортада, бір уақытта өмір сүрсе де, тек жақсы бейнелерді ғана есінде сақтайтын жақын туыстары не достары да бар ғой.

Яғни, олар бірдей нәрсені көреді, бірдей эмоциялар мен сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ біреуі тек жаманды, ал екіншісі тек жақсыны ғана есте сақтайды. Бұл не нәрсеге байланысты?

Мұнда бір қарапайым механизм бар. Біз эмоциялар шкаласы бойынша неғұрлым жоғары тұрсақ, бейнелеріміз соғұрлым жарқын болады. Әдетте, апатиядағы адам дүниені мұңды және бос, мәнсіз етіп көреді. Ал шкала бойынша жоғарыда тұрған кезде, ол әлемді өте жарық та жарқын етіп елестетеді.

Сондықтан да, егер өмірім тозаққа айналған, есімде бірде-бір жарқын естелік жоқ деген адамды кезіктірсеңіз, оның сөзіне сенбеңіз және айтқандарын тікелей мағынада қабылдамаңыз. Егер ол тозақта өмір сүріп жатырмын деп ойласа, онда ол қазіргі уақытта шкала бойынша өте төменде тұр, бары осы. Егер оның бейнелерін пейнхантингтің көмегімен түрлендірсеңіз, ол бақытқа, еркіндік мен қуанышқа толы мүлде басқа әлемді көре бастайды.

Эксперимент жасап көріңіз. Көзіңізді жұмып, өміріңіздегі ең жағымсыз сәттерді есіңізге түсіріңіз. Содан кейін көзіңізді ашып, айналаңызға қараңыз. Не сезінгеніңізді есте сақтаңыз. Содан кейін қайтадан көзіңізді жұмып, бақытты болған кездерді, айталық алғаш ғашық болғаныңызды, өте құнды нәрсені сатып алғаныңызды, өзгелердің сізге қарап таңданған кездерін және т.б. кездерді еске түсіріңіз. Бұл жаттығуды көзіңізді жұмып, өміріңізде болған барлық жарқын кездерді еске түсіріп, бес-жеті минут бойы орындаңыз, содан соң көзіңізді қайта ашыңыз. Сонда сіз бөлмеңіздің жарқырай түскенін байқайсыз. Осы орайда бір қызық жайтқа назар аударыңызшы: бөлме сол, ешкім тағы бір шамды жаққан жоқ немесе тұсқағазды ашығырақ түсіне ауыстырған жоқ. Бірақ сізге бөлме жанданған сияқты, бұның мәнін түсінесіз бе? Сонда, мұнда шындығында не болды?

Сіз жәй ғана қазіргі уақытқа қайта оралдыңыз. Жамандықты еске түсіргенде, біз қауіпсіздік қызметінің жұмысын белсенді етеміз. Қауіпсіздік қызметі болса, әлемді тек ақ пен қара түсте көреді. Ал жақсыны еске түсіргенде, біз бұл қызметті өшіреміз, сонда жадымыздағы жаман естеліктер мен ойлар түріндегі қауіпсіздік қызметінің «бағдарламалары жабылады» да, әлемді толық қабылдауға жол ашылады. Бұндай күй «Осында және Қазір» деп аталады. Өмірден барынша рақат алғанда шкала бойынша жоғары көтерілесіз де, дүниені жарқын түстерде көресіз. Негізі, айнала енді ғана жарқырай түскен жоқ, СІЗ оны солай, шын мәнінде бар күйінде көрдіңіз.

Ал енді осы бейнелердің бір таңғажайып табиғатын айтайын. Егер сіз бұрынғы бір жағымсыз естелікті көп рет қайта қарастыратын болсаңыз, бұл бейне жарқын бола түседі! Бұл жайт қарапайым, сөйте тұра таңқаларлық. Бірақ ең таңғаларлық парадокс – осы білімді ешкім қолданбайды.

Өміріңізде болған қиын кездерді еске түсіріңіз. Біреудің сізге «бұл туралы тағы айтып берші» деген команданы бірнеше рет айтып тұруын сұраңыз және оған дәл осы оқиғаны бірнеше рет көзіңізді жұмып айтып беруге тырысыңыз. Бұл оқиғаны бірінші рет еске түсіру сізге қиын болатынын байқайсыз, бірақ екінші, үшінші рет еске түсіру жеңілдей түседі. Кейін, бесінші, оныншы немесе жиырмасыншы рет бұл бейненің жарқын бола түсетіні сонша, жағымсыз ештеңе де қалмайды және сіз бұл оқиғаны жантыныштығымен, тіпті мүмкін, жағымды эмоциялармен еске алатын боласыз.

Рухани тәжірибемен айналысқан не медитацияны терең зерттеген адамдар мынадай қызықты құбылысты біледі:

«Естілік жамандықты жақсы, ал жақсыны одан да, өте жақсы етеді»

Немесе, басқаша айтайын. Егер сіз өміріңізде бақыттырақ бола түссеңіз, сіз тіпті жаман нәрселерді жақсы деп қабылдайтын боласыз, ал жақсы нәрселерден одан да керемет нәрсені көре бастайсыз.

Мен мұны неге айтып отырмын? Мұнымен мен сізге адамның психологиялық күйін жақсартудың экологиялық таза әдісі бар екенін айтқым келеді, оның мәні – бір жағымсыз оқиғаны бірнеше рет қарастыруда не қайталап айтып беруде. Сонда бұл оқиғаның ішінде жаманның бәрі жақсыға айналады, ал жақсысы, одан да керемет болмақ. Ақыр соңында сіздің жадыңыздағы естеліктер жарқырай түседі!

Түсінген боларсыз, ескі бейнелерді өзгерте отырып, қалған векторларды да өзгертесіз! Эмоциялар шкаласымен жоғарылағанда, сіздің жағымсыз ойларыңыз, позитивті ойларға айнала бастайды.

Бірақ, өкінішке орай, әрқашан бәрі біркелкі бола бермейді. Жаман бейне ешбір жолмен жақсармайтын кездер де болады, сіз оны көп рет қарастырсаңыз да, оның ішінде қандай да бір жаман кейіпкер, сол күйі жаман болып қала береді. Сондай-ақ, эмоциялар шкаласында да, бір деңгейде тұрып қаласыз және жағымсыз ойларыңыз жақсы жаққа өзгермейді. Неліктен бұлай болады?

Бұл жағдайда түпсана басқа бір нәрсені, бұның алдында болған оқиғаларда жасырын жатқан түп тамырды көреді. Мысалы, бір қыз жігітімен айырылысып кетті делік. Сіз одан бұның қалай болғанын сипаттап беруін сұрайсыз. Ол жігіттің «бізге айырылысу керек» деп хабарлама жазғанын, басынан өткерген барлық сезімдерін, іс-әрекетін, ойларын айтады. Алғашында ол жылап жібереді. Ол шкала бойынша сәл көтеріледі де, кенет ашу деңгейінде тұрып қалады. Бейне де өзгермейді. Оған бұл айырылысу жаһандық апат тәрізді және жан азабы басылмайтындай көрінеді. Сіз одан оқиғаны тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, бірақ ол, сол бір нәрсені айтады. Осы кезде сіз оған осының алдында болған, осыған ұқсас оқиғаны есіне түсіруге көмектесуіңіз керек! Сонда осы жолы, сіз нысанаға дәл тиесіз.

Бұл жас қыздың шкаламен жоғары көтерілмеуінің себебі, ол түпсанасында айырылысқандықтан емес, осы айырылысу бұрынғы жағымсыз естелікті қозғап жібергендіктен азап шегуде! Мүмкін ол, бұрын басқа бір жігітінен айырылған болар не болмаса, әкесі не атасы қайтыс болған шығар. Енді оның қауіпсіздік қызметі ескі жан жарасын күшейтіп тұр!

Мен қауіпсіздік қызметі алманы апельсинге шатастыруы мүмкін екенін алдында түсіндірген болатынмын. Бұл жағдайда, қауіпсіздік қызметі, қазіргі оқиғаның қыздың әкесі қайтыс болып, бұл қыз үшін үлкен апатқа айналған бұрынғы оқиғамен ұқсастығын көріп тұр. Осы кезде қауіпсіздік қызметі «Адамнан айырылдық – бұл үлкен апат» деп қатты айғайлайтын «қызметкерді» дереу іске қосты. Бiрақ ол бiрiншi оқиғада туған әкесi екенін, ал екiншiсiнде үш рет қана кездескен, көшедегі бөтен жiгiт екенiн түсiнбейдi.

Енді не істеу керек? Сіз бұрынғы оқиғаға оралып, қыздан оқиғаны бірнеше рет қайталап айтуын сұрауыңыз керек. Содан кейін ол жылай бастайды, қайғырады және әкесінен айырылу оған қаншалықты ауыр тигенін, әкесі ол үшін қаншалықты бағалы жан болғанын айтады, осы кезде кенеттен оның қауіпсіздік қызметі өше бастайды да, жағымды эмоциялары пайда болады. Ал енді сіз одан жігітімен айырылысу оқиғасын тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, сонда ол бұны, енді басқа сезімдермен есіне түсіре бастайды. Ол осы оқиға үшін қайғырғанына күледі де, қайтадан өмірдің мәнін көре бастайды. Ол кенеттен бөлменің жарқырай түскенін, терезенің арғы жағындағы шөптің жасылданып, аспанның көгілдір бола түскенін байқауы мүмкін.

Демек, сіз қазір ғана жан азабын өшіріп тастайтын құралдардың біріне ие болдыңыз, оны біз Риплей (ағылш. replay – қайталау) әдісі деп атаймыз.

Бұл әдісті қолдана отырып, сіз жақын адамдарыңыздың эмоционалдық проблемаларын оңай шеше аласыз. Мысалы, егер балаңыз достарының оны қалай ұрғаны туралы айта бастаса, барып сол балаларды ұруға асықпаңыз. Жоғарыда айтқанымдай, қауіпсіздік қызметі қосулы тұрған адамға ешқашан сенбеңіз. Сірә, достары оны ұрып-соқпаған да болар, бұл жерде жәй ғана баланың қауіпсіздік қызметі ұрды деген ойды санасында айналдырып тұр. Сондықтан оқиғаны қайта айтып беруін жұмсақтықпен сұраңыз, бұдан ұсақ-түйек мәліметті біле аласыз. Сонда кенеттен баланың ақылы кіріп, енді достарына еш кек сақтамайтынын айтады да, сол достарымен ойнауға жүгіре жөнеледі.

Әрине, мұны даналықпен істеу үшін, сіз өзіңіз де өте жақсы күйде болуыңыз керек және сіздегі қауіпсіздік қызметінде жағымсыз бейнелер болмауы керек. Бірақ, бұл жағдайда оқырмандардың кем дегенде 90% -ы баланы аяй бастайтынына не оның өзін кіналайтынына немесе баланы жазалайтынына, тіпті оны ренжіткен балаларды ұрғысы келетініне сенімдімін. Дәл осы жерде «адекватты емес» вирусы пайда болады, ол балаңыздан достарына, достарынан басқа адамдарға және т.б. беріледі.

Алдымызда бала тәрбиесі және жанжалдарды шешу туралы бөлек тарау болады.

Ал әзірше, түпсанамыздың негізгі механизмдерін түсінуіміз керек.

Біз «Есте сақтау» векторын талдадық, енді маңыздылығы жағынан кем тұрмайтын соңғысына, «Дене» векторына көшейік.

November 27

1.9 тарау. «Д» ВЕКТОРЫ – пейнхантинг нәтижесінде дене қалай өзгереді?

Бізбен жақсы не жаман нәрсе болғанда, денемізде қандай өзгерістер болатынын қарастырайық.

Адам өміріндегі барлық жанға батар проблемалардың оның сыртқы көрінісіне, келбетіне із қалдыратынын байқаған боларсыз. Мысалы, егер сіз бүкірейген адамды кезіктірсеңіз, онымен сөйлескеннен кейін оның өмірінде көп қысым мен ауыртпалық болғанын, өзін қарыздар сезінетінін және арқа сүйер ешкімі жоқтығын анықтай аласыз. Егер сіз үнемі гайморитпен ауыратын адамды кездестірсеңіз, онымен сөйлескеннен кейін сіз оны бұрын біреу тастап кеткенін, қорғансыз қалғанын, көз жасын тыйып, шағымдарын айта алмай өмір сүргенін байқайсыз. Ал егер сіз қабағын түйіп алған адамды көрсеңіз, оның өмірбаянынан қатал ата-ананы және қолдау мен сүйіспеншіліктің болмағанын біле аласыз.

 

Қысқасы, біздің денеміз бен бет-әлпетіміз ішкі күйіміздің қандай екенін толығымен көрсетеді. Тәжірибелі пейнхантер уақыт өте келе, адамның жан дүниесін екі секунд ішінде сканерлеу қабілетіне ие болады. Негізі адамның эмоционалдық күйі, өмірінің қаншалықты ауыр өткені және түпсанасындағы негізі ақаулары туралы қорытынды жасай алу үшін, адамның көздеріне, бет бұлшықеттеріне, дене қалпына қарау жеткілікті.

Денедегі өзгерісті пейнхантинг сеансы болып жатқан кезде-ақ байқауға болады. Егер адам бастапқыда ашу эмоциясында болса, сіз оның қабағы түксигенін, көздері қызарғанын, денесі тырысып тұрғанын, қимылдары өткір, дауысының қатты әрі агрессивті екенін байқайсыз. Осы кезде сіз оны эмоциялар шкаласы бойынша көтересіз. Сонда оның жағымсыз ойлары позитивті ойларға, ал бейнелері қараңғыдан жарыққа өзгереді. Бұл оның түрінен де байқалатын болады. Беті ажарланып, көзінің қызарғаны басылады, денесі босаңсып, ал дауысы болса, жұмсақ та сабырлы болады.

Егер сіз пейнхантинг әдістемесімен жұмыс істей бастасаңыз, тағы да қызықты нәрселерді байқайсыз. Мысалы, сіз жан азабымен байланысты бір оқиғамен жұмыс істеп жатқанда, адам кекіруі мүмкін. Немесе жиірек кездесетін жағдай – ол кенеттен есіней бастайды және бұл 10—15 минутқа, кейде одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Кейбіреулер кеудедегі ауырлықты сезіне бастайды, кейінірек бұл сезім жоғары көтеріледі де, адам тамағында тас тұрғандай сезінеді. Басқа біреуде, керісінше, бәрі бас ауруымен басталады, содан кейін бұл ауырсыну төмендейді де, адам аурудың аяғы арқылы кетіп қалғанын сезінеді. Тағы басқаларында кенеттен жиі зәр шығаруы басталады. Енді біреулері болса, сеанста тереңінен жұмыс жасалғаннан кейін, бірнеше күн бойы диареядан қиналады. Әрине, қайғы мен жоғалтқан сәттерді қозғаған болсаңыз, көпшілігі жылайды.

Бұл физикалық реакцияларда қызықты болып тұрған не жайт? Жәй ғана анаңыздың сізге қалай ұрысқанын еске түсіріп отырған сияқтысыз, бірақ дәл осы сәтте, сіздің денеңіз осы жайтқа қатысты, кекіруден бас ауруына дейін, әртүрлі жауап қайтара отырып жұмыс істей бастайды. Сонда бұлай болуы не нәрсеге байланысты? Санамыздағы анамызбен болған оқиға туралы бейнелеріміз жарты сағат бойы кекірік шақыратындай асқазанымызға қалай әсер етеді?

Бұл процесті медициналық тұрғыдан түсіндіре алмаймын. Әлі күнге дейін пейнхантинг сеансы кезінде адамның неліктен кекіретінін түсінбеймін. Адамның неліктен есінейтінін де нақты айта алмаймын. Бірақ мен мына бір жайтты сенімді түрде айта аламын: біздің денеміз ақпаратты жасуша деңгейінде сақтайды. Сіз санадағы ойды өзгерткенде, жадыңыздағы бейнелер де өзгереді, кейін эмоциялар өзгеріп, ал эмоциялар болса гормональды жүйеге әсер етеді, гормональды жүйе әрі қарай жүйке, бұлшықет, жүрек-тамыр және дененің басқа жүйелеріне де әсер етеді. Сондықтан санаңыз жағымсыз бейнелерден арылғанда, денеңіз де физикалық деңгейде жағымсыздан арылады. Демек синхронизация болады: жаңа ойлар – жаңа эмоциялар – өмірге жаңаша көзқарас – жаңа дене. Сірә, біз жан азабынан арылғанда регенерацияның қандай да бір түрі пайда болады да зат алмасу тез жүре бастайды, бұдан өкпеміз есінеу арқылы ауамен байытылып жаңарады, ал асқазанда болса, ас қорыту процесі жылдам жүре бастайды, бұдан адам кекіреді.

Осындай өзара байланысты ескере отыра, кейінірек сіз пейнхантингтің көмегімен барлық тәндік аурулардың ішінде емделуі ең оңайы – эндокриндік аурулар екенін байқайтын боласыз. Гормоналды бұзылулар – эмоционалды дисбаланстың тікелей белгісі болып табылады. Адамның өмірінде бірдеңе дұрыс болмаса, гормондар деңгейі де бұзылады. Сондықтан пейнхантингті қолдана отырып, сіз ең алдымен эндокриндік жүйені ретке келтіре аласыз.

Сол сияқты, теріңіздің күйі де айтарлықтай жақсарады. 10-20-дан астам тиімді сеанстардан өткен адамдардың барлығы дерлік, өз жасынан бірнеше жылға жас көріне бастаған. Бұдан басқа, дене қалпы түзеледі, адам жігерлі, көңілді болады.

Мұндағы ең қызық жайт, пейнхантингтің мақсаты, адамды жасарту мен тән саулығын жақсарту емес. Пейнхантинг сіздің жан жараларыңызды жоюға және гармония мен бақытты қалпына келтіруге бағытталған. Осы орайда тән саулығының жақсаруы түріндегі пейнхантингтің жанама әсері, денсаулықты түзетуге бағытталған басқа терапияларға қарағанда, әлдеқайда асып түсуі мүмкін.

Мұның себебі, барлық аурулардың жартысынан көбі психосоматикалық сипатта болады. Әрбір созылмалы аурудың ағзада үнемі бұзылулар тудыратын түп-тамырлы ойы бар. Егер осы созылмалы ойды жойса, денеміз үйлесімді, дұрыс қалпына, яғни сау күйіне жылдам оралады және әртүрлі аурулармен өзі күресе алады. Ал егер бұл созылмалы ойды елемейтін болсаңыз, онда сіз оның физикалық деңгейдегі салдарын үнемі емдеп отыратын боласыз.

37-тарауда сіз көптеген психосоматикалық аурулардың себептерін бүге-шігесіне дейін білетін боласыз, сондай-ақ оларды біржола жою жолын да үйренесіз. Ал қазір өзіміз үшін негізгі ойды шегелейік:

Ойларды өзгерту арқылы, біз бір уақытта жадымыздағы бейнелерді, эмоционалдық күйді, сонымен қатар денеден көрініс табатын белгілерді де өзгертеміз.

Алайда сіз ойларыңызды өзгертуге тырыссаңыз да, ешқандай ғажап өзгерістің болмағанын айтатын шығарсыз. Мұны істеудің оңай емес екені рас. Сіз бұрын орын алған оқиғада адамның тартқан азабы қаншалықты көп болса, ойлары да соншалықты бастан кетпейтінін, санаға нықтап жабысып алатынын білдіңіз. Ал жан азабын жоймайынша, жаман ойлардан да ешқашан арыла алмаймыз. Осы орайда сіздің қатты таң қалатыныңыз анық, өйткені ешбір емші, коуч, психолог сізді жан азабынан арылта алмайды. Демек жағдай тығырыққа тіреледі.

Неліктен психологиядағы жүздеген әртүрлі әдістер нәтижесіз болып жатады және неге жан жараларын емдеу – осы қарапайым тапсырманы орындау – қиынға соғады? Неліктен психологиядағы көптеген әдістермен алынып тасталған жан азабы, кейін қайта оралады? Бұдан сіздің эмоциялық күйіңіз де бұрынғы қалпына оралады ғой. Сонда психологтар мен психотерапевттердің қателігі неде?

1.10 тарау. Жан азабынан арылтудағы пайдасыз әдістер

Адамдардың психикасымен жұмыс істеуде қандай басты қателіктер жіберіледі? Бұл жайтты барлық ерекшеліктерімен түсіну үшін өте жақын адамыңызбен айырылысқаныңызды елестетіп көріңіз. Осы орайда сізге көрсетілетін психологиялық көмектің бірнеше жолдарын қарастырайық.

Біріншісі – жұбаныш. Өміріңізде бірдеңе сізді сарыуайымға салған және бұған катысты жұбаныш алған сәттердің барлығын есіңізге түсіріңіз. Осы кездері сізді жұбатқанына қаншалықты қанағаттандыңыз? Адам сізді толық түсінсе және сізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына сендірсе ғана, оның жұбатуы шынымен сізге көмектеседі. Мысалы, егер сізді жақын адамыңыз тастап кетсе, жұбатушы сізге енді өз ісіңізбен айналыса алатыныңызды және өз-өзіңізге көңіл бөле алатыныңызд айтуы мүмкін. Немесе сол адам қазір емес, кейінірек тастап кеткенде, одан да сорақысы болар еді деп те жұбатуы мүмкін. Осы жағдайлардың бәрінде алдымен адамның не үшін қиналып жатқанын жақсы түсіну керек және жұбату үшін нақты аргументтер болуы керек. Сондықтан адамды жұбату сөздері 20—30% жұмыс істейді. Егер сіз нысанаға дәл тигізсеңіз, жұбатқаныңыз пайдаға асады. Ал егер олай етпесеңіз, біреуді жұбатам деп ызаландырып аласыз.

Байқасаңыз, кішкентай кезінде баланы жұбату жақсы іске асады. Ертең Аяз ата келіп, барлық проблемаларды шешіп береді дегенге бала алданады да қалады. Немесе әкесі қайтыс болған баланы, әкең жақын арада сыйлықпен келеді деген тәтті үміт беріп жұбатқан да шығарсыз. Жұбанышқа мұқтаж адам алдында беделіңіз жоғары болса, жұбатуыңыз өте жақсы іске асады. Егер ол сізді қатты құрметтесе, жай ғана «бәрі жақсы болады» дегеніңіз оны гипноздық түрде тыныштандырады. Бірақ жұбаныштың шегі бар. Жұбаныш – бұл тәтті шай тәрізді, ол адамды бір-екі рет сергітеді, ал үшінші шыныаяқтан кейін сергітетіндей әсері болмайды. Кейін тіпті кері әсері басталады. Жұбаныш адамды ызаландыра бастайды. Сондықтан ата-анасының айтқан барлық ертегілерін түсінген жасөспірімдер, олардың жұбатуларын агрессивті түрде қабылдайды.

Ал есейіп, есті болған сайын жұбаныш сізді мүлде қызықтырмайды. Бірақ, өкінішке орай, көптеген психологтар осы әдісті қолданады, осылай өз клиенттерін бірден шеттетеді. Психологтың адамға қиындықтарды тез жеңуге көмектескісі келетіні анық, бірақ клиент мұны теріс қабылдайды. Сізді жұбатуға тырысқан мейірімді психологтың консультациясынан кейін, сізде аралас сезімдер болғанын байқасаңыз, бұл шын мәнінде, көңіл түбінде өзіңізді алданғандай сезінгенсіз деген сөз. Сондықтан, психологтың тырысып, күш салғанына қарамастан, сізде жағымсыз дақ қалып қояды.

Жұбаныштың ең басты қауіпі, ол бізді күшейтпейді. Қайта жұбаныштың әсерімен біз одан сайын дәрменсіз күйге түсеміз де түрлі қиялдарға берілеміз. Ал адамға қарсы қолдануға болатын ең жаман қару – үнемі жұбату. Адамды үнемі жұбатқан сайын, ол әлсіз және өзіңізге тәуелді болып қалады. Ол күніге сізден: «Мен ханшайыммын, солай ғой?», «Ал менің жігітім оңбаған екені сөзсіз, иә?» деп сұраумен болады. Сонда сізге күн сайын көбірек жұбаныш беретін ертегілер ойластыруыңыз керек болады, ал бұл адамды одан сайын әлсіз әрі дәрменсіз етеді.

Психологиялық көмектің келесі жолы – жанашырлық. Кейбіреулерді таң қалдыратын шығар, бірақ жанашырлық таныту пайдасыз ғана емес, тіпті қауіпті құрал. Неге екенін қазір түсінесіз. Адамға жанашырлық танытқанда, оның бойында бала кезінде ауырып, әлсіз болғанда, оған өзгелердің танытқан аяушылығынан сезінген жағымды сезімі пайда болады. Сөйтіп оның түпсанасында: «Психолог маған одан әрі жанашырлық танытуы үшін мен көбірек ыңылдап, шағымдануым керек» деген ақымақ тұжырым орнығады. Нәтижесінде, адамды жанашырлықпен емдеуге тырысатын психолог оның зардап шегуші ретінде күйін одан сайын қаттырақ бекітеді, ал мұндай күйден шығу адамдардың көпшілігі үшін тым қиын болады. Көптеген егде жастағы мүгедек ерлер де, әйелдер де, өз дәрменсіздігі мен жағдайларынын құрбаны болып жүргендері, өзгенің назарын өзіне аударуға көмектесетін жалғыз «ілмек» екенін саналы түрде түсінеді, сондықтан олар өз-өздерін осындай әлсіз күйге түсіреді.

Негізі жанашырлықты қолданып, кез келген сарбазды, көшбасшыны және кез келген жеңімпазды жығып түсіруге болады. Ол үшін оған көп жұмыс істегені зиян екенін есіне салып, аяушылықпен дем алуға талпындырсаңыз болғаны. Дене қызуын үнемі тексеріп, анализдерін алып, стреске көп түсіп кеткенін аяп-мүсіркеп айтсаңыз болғаны. Сонда күндердің күнінде бұл сарбаздар рухын жоғалтады. Міне, сондықтан да мықты тұлғалар психологтарды жаратпайды. Иә, оларға іштей оңай емес, қолдау көрсетілгенін қалайды, бірақ аяушылық түрінде емес! Әрқайсыңызда сізді тым жиі аяп-мүсіркей берген адамды, тіпті сабап тастағыңыз келген кез болғанына сенімдімін. Бұл түсінікті жайт. Жанашырлық қатты қайғырсаңыз ғана пайдалы болады. Біреуге жанашырлық танытуды жалғастыра беру, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан ол қайғыға одан сайын батып кетеді. Сондықтан, қайғыдан жоғары күйде болсаңыз, жанашырлық сізді ызаландыратын болады Мынадай көріністі елестетіп көріңізші: сіз сатқындықтың кесірінен азап шегудесіз немесе балаңызға ашулысыз және мұндай күйден құтылғыңыз келеді. Ал психолог болса, сізге аяушылық танытып отыр. Мұндай көріністің сізге ұнамасы анық.

Психологиялық көмектің үшінші жолы – кеңес пен нұсқау беру. Біреудің өміріне араласып кеңес беру – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, кеңес алып жатқан адам үшін де, өте қауіпті. Клиенттерімнің арасында, психологтардан чемоданды жинап, күйеуін тастап кетуге бірнеше рет кеңес алған, тіпті психологтары солай етуге қоймай талпындырған әйел кісілер болды. Бірақ екі-үш рет пейнхантинг сеанстарынан кейін, бұл әйелдер мұндай шектен шығушылыққа бармай, қайта некелерін нығайтты, күйеулері де жақсы жаққа айтарлықтай өзгерді. Адамға кеңес берсеңіз, онымен не болады?

Ол жай ғана өз өмірі үшін жауапкершілікті сізге жүктейді! Бұдан ол күштірек, жауаптырақ және ақылдырақ адамға айналмайды. Қайта ол барлық проблемаларын сізге артып қоя беретін болады! Әрине, егер сізге адамға көмектесуден гөрі, ақша маңыздырақ болса, клиенттеріңізге кеңес беруді жалғастыра беріңіз, осылайша оларды үнемі сізден кеңес сұрап тұратындай дәрменсіз күйде ұстайсыз. Ал егер сіз пейнхантер болғыңыз келсе, адамдарға көмектескіңіз келсе, мына жайтты нықтап есте сақтаңыз: ешқашан кеңес бермеңіз. Пейнхантингтің мақсаты – сеанстардың соңында адам нақты шешім қабылдап, өз шешімі үшін жауапкершілікті сезіне алатындай, оны өмірдегі жағдайларға анағұрлым бейімделгіш ету.

Психологиялық көмектің төртінші жолы – жеке пікір айту және өз ойын тықпыштау. Мысалы, клиент сізге әкесі хабарламасына жауап бермегендіктен, онымен ұрысып қалғанын айтады. Сіз оған бұған катысты жеке пікіріңізді, яғни бұл жағдайда толысқан адам ретінде әрекет етпегенін айтасыз. Я болмаса бұл жағдайда әкесінің дұрыс істемегенін айтып, пікіріңізді білдіресіз. Бұлай ету мүлдем дұрыс емес! Неліктен? Өйткені сіз төреші емессіз! Прокурор емессіз. Сіз заңгер емессіз. Сіз оған көмектесуді қалайтын адамсыз. Сіздің оған ақылыңыз емес, жан жарасынан арылтудағы салмақты көмегіңіз керек. Не айтсаңыз да, сіздің пікіріңіз субъективті пікір болып қала береді әрі ол объективтіліктен өте алыс болады!

 

Классикалық психологиядағы тағы бір кең таралған әдіс – категорияларға, тұлғалық топтарға және үлгілерге сай болуыңыз үшін сізді «қыспақтауға» үздіксіз тырысып бағу. Сіз психологқа отбасыңызда қиындықтар бар екенін түсіндіресіз, психолог болса жауап ретінде сіздің «күлгін-ішек-интровертті» екеніңізді, ал әйеліңіз «қызылкүрең-бүйрек-рационалды» тұлғаға жататынын айтады. Бұлардың не қажеті бар? Олар пайдасыз ғана емес, сонымен қатар зиянды! Өмірде біз әртүрлі уақытта, әртүрлі күйде боламыз. Мысалы, мектепте сіз тұйық болдыңыз делік, мұның себебі сол уақытта ата-анаңыз ажырасып жатқан болатын. Содан кейін ата-анаңыз қайта қосыла бастағанда, сіз кенеттен ашық-жарқын болдыңыз. Сосын әкеңіз маскүнем болып, анаңызды күнде ұрғаны үшін ашу-ызаға берілдіңіз, кейін анаңыз жүрек талмасынан қайтыс болғанда депрессияға ұшырадыңыз. Демек, әр деңгейде сіз әртүрлі күйде болдыңыз. Сондықтан, адамға табиғатынан тұйықсың деу, үлкен қателік. Ешкім де табиғатынан тұйық болмайды.

Адамды көбінесе шығармашылыққа бейім деп айту да, қателік. Бұлай деуіңізбен сіз оны бірден шектейсіз! Мүмкін ол үлкен саясаткер болғысы келген шығар, ал сіз оның тумысынан суретші екенін дәлелдеп, шешіміне араласасыз! Сондықтан да адамдар психологқа барар алдында жүз рет ойланады, өйткені психологтар олардың нәзік жан дүниесін дұрыс түсінбей, қандай да бір психологиялық шаблонды тым тез «жабыстырады» деп есептейді.

Алтыншы жолы – адамды кінәлау сезіміне итермелеу. Сіз психологқа қызыңызбен айырылысқаныңызды айтасыз, ал психолог сіздің бойыңыздан агрессияны байқап, сізді «төмендеткісі» келеді. Сөйтіп мәселеге басқа жағынан, яғни қызыңыздың тарапынан қарауға кеңес береді. Осылайша ол сіздің дос қызыңызға болған жағдайдың қаншалықты ауыр тигенін түсінгеніңізді қалайды. Көптеген психологтар бұл әдіс адамның естілігін арттыруға көмектеседі, клиент өз іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығы туралы ойланады деп есептейді. Бірақ көп жағдайда, клиент өзінің әрекеті дұрыс болмағанын жақсы түсініп тұрады. Ол неліктен өзінде өзгеге жамандық жасауға деген бастан кетпейтін ойы бар екенін түсінбейді. Ол одан құтылғысы-ақ келеді. Бірақ психолог оны одан бетер өзін кінәлауына итермелеп, адамды ұяң да жасқаншақ етеді. Адамның өз әрекетіне сырттай қарап, кінәсін түсінгені, оны мықты етпейді. Бұдан ол бақытты боп кетпейді. Қайта ол одан сайын өзгелерден шеттеп, тұйықталып кетуі мүмкін.

Жетінші әдіс – иландыру және гипноз. Психологқа барып, тамақты тым көп жеуге деген құштарлықтың кесірінен, артық салмағыңыз бар екенін айтып шағымданасыз. Психолог сізді гипноздап, нан – бұл жиіркенішті қоқыс тәрізді немесе әрбір артық калорий үшін күйеуіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін деген команданы ендіреді және басқа да қауіпті ережелер береді. Негізі бұлай ету, адамды басып, төмендетуге жатады. Адамның еркіндігі онсыз да аз. Онсыз да ол өзін шектеулі және бақытсыз сезінеді. Сіз болсаңыз, оның үстіне тағы бір қорқыныш пен кінә сезімін артып тұрсыз, осылайша оны тұлға ретінде жоясыз. Сондықтан да адамдар гипнотерапиядан соң, уақытша жеңілдік алады да, бірақ кейін ерік-жігерсіз әрі өлімсіреген күйде болады. Ал егер гипнозыңыз позитивті болса, ерте ме, кеш пе, сіз «ендірген» позитивті ой, ескі жағымсыз ойға жеңіледі, бұдан клиент бұрынғы күйіне оралады. Демек, гипнозыңыз уақытша ғана жақсартады.

Сегізінші және адамға ауыр тиетін әдіс – оның ойы мен сөзінің маңыздылығын кеміту не қадірін түсіру. Сіз психологқа артық салмағыңыз үшін ұялып, қысылатыныңызды айтасыз. Психолог болса, сізде артық салмақтың жоқ екенін айтады. Сіз кейде кекештеніп кетемін дейсіз, ал психолог тіліңізде ешқандай проблемаңыз жоқ дейді. Сіз бөтен дауыстарды еститініңізді айтасыз, ал психолог, шын мәнінде ешқандай дауыс жоқ екеніне, сізге жай ғана солай көрінетініне сендіреді. Психологтың айтқаны объективті түрде дұрыс та шығар. Бірақ клиент субъективті проблемаларымен келіп тұр ғой, түсінесіз бе? Клиент онсыз да, өзінің дүниедегі ең семіз адам емес екенін біледі. Ол өзінің кекештігінің түрі ауыр паталогия емес екенін түсінеді. Бөтен дауыстардың жоқ екенін және бұның елес екенін түсінеді. Бұл оның тек ішкі қабылдауы екенін жақсы білгендіктен, соның себебін анықтап, осы ауытқудан арылғысы келеді. Бірақ психолог, онымен болып жатқан «келеңсіз жайттарға» үңілгісі де келмейді, барлық проблемаларын адамның өзі ойластырып алғанын айтады! Керемет! Біздің байғұс клиент мұны түсінбегендей! Мұндайдан кейін клиенттер өздерін өзгелер үшін түсініксіз жан болғандай сезінеді. Өздерінде қандай да бір патология бар шығар дегенді ойлай бастап, уайымдайды да, қорқыныштан тіпті, психиатрларға барады!

Ал енді заманауи коучтар қолданатын әдістерді қарастырайық. Әрине, коучтар қолданатын құралдардың көбісі пайдалы, бірақ олардың арасында бір қауіпті, тәуекелге бас тіккізер құрал бар. Бұл – егер орындамаса, айыппұл салынатын тапсырманы орындауға клиентті міндеттеу. Бұлай ету қаншалықты ақымақтық десеңізші! Сонда клиент өзіне ақыр аяғында айыппұл салынуы үшін ақша төлегені ме? Бұл әдістің мәні – қорқыныш тудыру мен жазалау арқылы көтермелеу тәсілін қолданып, клиенттің мотивациясын арттыру, бірақ турасын айтсақ, адамды көтермелеуге қарағанда, қорқытуы көп. Кейбір адамдарға бұл шынымен көмектеседі, сондықтан олар жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін осы коучтарға өте риза болуы мүмкін. Бірақ бұл әдістердің тиімділігі айтарлықтай жоғары емес. Өйткені бұдан кейін, уақыт өте, көптеген адамдар өздерін одан сайын кінәлі сезінеді, одан бетер қорқынышқа беріледі, ал бұдан адам оқшауланып, тұйықталып қалады. Ал коучтар алдын ала төлем алғандықтан, ештеңе жоғалтпайды. Мұндағы ең күлкілісі— олар кетіп қалған клиенттерді жай ғана «лузерлер» деп атайды және басқаларды «жауынгерлік рухқа» талпындырып, күштірегі жеңеді дегендеріне сендіруді жалғастыра береді.

Ал енді жоғарыда аталған барлық ағаттықтарға қатысты түсінігімізді бекітейік. Пейнхантингте олар нағыз қателіктер болып табылады. Сондықтан біздің мектебімізде әр пейнхантер кодекс қабылдап, оны қатаң ұстанады.

Пейнхантер кодексінің негізгі тармақтары мыналар:

1) сеанс кезінде клиентке кеңес бермеу;

2) клиенттің ісіне субъективті баға бермеу;

3) клиенттің кез келген уайымы мен әңгімелерінің маңыздылығын кемітпеу не қадірін түсірмеу;

4) клиентке аяушылық танытпау;

5) пейнхантинг сеансы кезінде басқа әдістерді пейнхантингпен аралыстырмау;

6) өз пікірі мен көзқарасын тықпыштамау.

Осы тармақтарды есте сақтаңыз. Біз оларға жиі оралатан боламыз. Іс жүзінде қолданғанда, сіз кем дегенде бір тармақты бұзу, пейнхантингтің бар тиімділігін бірден жоққа шығаратынын түсінесіз. Бір рет жанашырлық танытып, аяушылықпен қарап көріңіз, клиент сіздің реакцияңызға ашуланады да, жабылып қалады! Клиенттің іс-әрекетіне қатысты жәй ғана өз пікіріңізді білдіріңіз, сонда ол әрі қарай сізге ашылмайтын болады! Клиент өз проблемаларын асырып жібергенін дәлелдеп көріңіз, ол бірден сізге ренжіп, бұдан былай проблемаларын сізге айтқысы келмейтін болады.

Бұл кодексті күнделікті өмірде қолданатын болсаңыз, басқалармен қарым-қатынасыңыз жақсы жаққа айтарлықтай өзгереді. Бітпейтін ұрыс-керістерден, келіспеушіліктерден аулақ боласыз. Адамды тереңірек түсінесіз, ал ол сізден дана адамды көре бастайды.

Ал енді қорытындылайық. Жұбату, мәселесінің маңыздылығын кеміту, жанашырлық таныту және сендіру адамға 100% көмектеспейді. Яғни, олар эмоционалдық күйіңізді аздап жеңілдеткенмен, жан азабынан арылта алмайды. Біз бұл әдістерді пайдалану қателік екенін және пейнхантингте мүлдем қолданылмауы тиіс екенін білдік. Олай болса жан жарасынан 100% арылуға не көмектеседі? Бұл орайда жақындарыңызға көмектесуді қатты қалағандықтан, не істей аласыз?

Olete lõpetanud tasuta lõigu lugemise. Kas soovite edasi lugeda?