Tasuta

Күзгі романс

Tekst
Märgi loetuks
Šrift:Väiksem АаSuurem Aa

(Қоңырау тағы да бір шыр етіп барып басылады).

Сайлау. Дегенмен кім болса да, мынау менің нервіме тие бастады.

Сюзанна. Успокойся. Ты уже у меня такой славный.

Сайлау. Сонда да…

Сюзанна. Кәне, жаңа жайымен ыңылдап ән айтамыз дегеніміз қайда?

Сайлау. (Сәл-пәл көңілденіп). Іһм… Қай әннен бастаймыз?

Сюзанна. Білмеймін, өзің әйтеуір бастасайшы, мен қосылайын.

Сайлау. Алматының гүл бағын аралаймыз ұзақ…

Сюзанна. Қиялменен кетеміз кейде алысқа ұзап…

(Осы кезде сырттағы кісі қоңырауды қойып, есікті қолымен дүңкілдетіп ұрғылай бастайды).

Сайлау. Ну, это же слишком!.. Сюзанна, есікті не де болса ашайық. Мен білсем, мынау бәрібір бізге жуық арада тыныштық бермейді.

Сюзанна. Солай ма?

Сайлау. Солай. Кім болса да, бұл қадалған жерінен қан алмай қоймайтын настырный бір пәле секілді.

Сюзанна. Олай болса, есікті мен ашам. Сен отыра бер.

Сюзанна барып есікті ашады. Ішке оның бұрынғы күйеуі Әлібек келіп енеді.

Әлібек. Туһ, немене, кеш батпай ұйықтап қалғансың ба? Сәлем!..

Сюзанна. (Селқос). Сәлем… Сен бұл үйді баяғыда ұмытқан сияқты едің ғой. Неғып жүрсің?

Әлібек. Самолеттен жаңа ғана түстім. Ақмоладан. Сонан соң… Ну, сендерге соғайын деп… Енді өз үйіме келуге хақым бар шығар?

Сюзанна. Қателесіп тұрсың. Дегенмен келіп қалған екенсің, аяқ киіміңді шешіп, ас үйге өт. Біз тамақ ішіп отырғанбыз.

Әлібек. (Аяқ киімін шешіп жатып). Бізің кім?

Сюзанна. (Ас үйден). Қазір көресің…

Аяқ киімін шешіп, ас үйге бет алған Әлібек төрдегі орындықта отырған Сайлауды көргенде, есіктің кіре беріс көзінде бір сәтке состиып тұрып қалады.

Жоғарылай бер. Бұл – менің болашақ күйеуім Сайлау.

Әлібек аң-таң қалыппен Сюзанна нұсқаған есік жақтағы орындыққа келіп отырады.

Сайлау, сен де танысып отыр. Бұл – менің бұрынғы күйеуім. Аты – Әлібек.

Әлібек. (Өзін-өзі әзер билеп, Сайлауға оқты көздерімен сынай қадалып). Імм, солай де!..

Сюзанна. (Әлібекке шай құйылған кесені ұсынып жатып). Иә, солай…

Әлібек. (Мырс етіп). Тұрмысқа шыққалы жатырмын де…

Сюзанна. Шықса, несі бар екен. Сайлау, кәне кесеңді берші, ыстықтай құйып жіберейін.

Әлібек. Сонымен бұл кісі нешіншің?

Сюзанна. Қай нешіншіні айтып отырсың?

Әлібек. Мен осы үйден кеткелі бергі нешінші күйеуің дегенім ғой.

Сайлау. Жігітім, тіліңді тарта сөйлегенің жөн болар. Бұл үйде сенен басқа адамдардың отырғанын ұмытпағайсың.

Әлібек. (Ызалана мырс етіп). Адам сонда сен бе?!.

Сайлау. Иә, мен!..

Әлібек. Ал онда, Адам, сенің бұл үйден шыға тұруыңа тура келеді. Менің әйеліммен оңаша сөзім бар.

Сайлау. Ол енді сенің әйелің емес.

Әлібек. Сюзанна, мына Адам не деп тұр?

Сюзанна. Сайлаудікі дұрыс.

Әлібек. (Шарасыз қалыппен саусақтарының ұшымен үстелдің үстін тықылдатып). Так-так… Солай де. Дегенмен, Сюзанна, менің сенімен бес-он минут сөйлесетін сөзім бар. Мына Адамың есік алдына шығып, кішкене серуендеп келсін.

Сайлау. Мен ешқайда шықпаймын. Және дәл қазір серуендегім келіп тұрған жоқ.

Сюзанна.(Сәл-пәл ойланып). Сайлау, өтінем, есік алдына бір он шақты минут шығып келші.

Сайлау.Мен ешқайда да шықпаймын дедім ғой.

Сюзанна. (Табанды түрде). Сайлау, мен сенен өтініп тұрмын ғой.

Сюзанна Сайлауға жалынышты жүзбен қарайды.

Сайлау. (Әрі-сәрі бір сәттік күйден кейін). Жарайды онда. Тек естеріңде болсын, тек он минутқа ғана…

Сюзанна. Иә, он минутқа…

Сайлау сыртқа шығып кетеді.

Ал… бірақ бәрін қысқаша айт.

Әлібек. Әділ қайда?

Сюзанна. Демалысқа папамдардікіне кеткен. Ертең келеді.

Әлібек. Імм, баланы әке-шешемдікіне жіберіп, өзім еркектермен оңаша сауық-сайран құрып жүрмін де.

Сюзанна. Әлібек, егер сен сөзіңнің тонын өзгертпейтін болсаң, онда әңгіме қысқа – мен сенімен сөйлеспеймін.

Әлібек. Кешір. Сюзанна, егер мен шынымды айтсам… осы жолы бар ғой… Осы жолы… өзіңе біржола келіп отырмын.

Сюзанна. Біржола?! Келіншегіңді қайтпексің?

Әлібек. Құрып кетсін келіншегі де, басқасы да!.. Ол аферистка біреу болып шықты. Жап-жас болып… Түсінесің бе, бір сөзбен айтқанда, ол мені сазға отырғызып кетті. Сен мені кешірші, жаным. Міне, алдыңа басымды иіп келіп отырмын. Ақымақ болыппын. Саған ешкім жетпейді екен!.. Құрысын, өткеннің бәрін ұмытайықшы… Бәрін қайтадан бастайықшы. (жалынышты үнмен). Сюзанна!..

Сюзанна. Жоқ. Әлібек, енді бәрі кеш.

Әлібек. Неге кеш?!.

Сюзанна үнсіз.

Әлде сен жаңағымен болып қойдың ба?

Сюзанна. (Басын шайқап). Әлі түк өзгермепсің.

Әлібек. Неменеге өзгеруім керек?

Сюзанна. Жоқ, біз екеуміз мүлде қарама-қарсы типтің адамдарымыз. Сондықтан да біз ешқашан келісе алмаймыз. Кезінде мен сенің жолыңа кесе-көлденең тұрғам жоқ, еркек болсаң, бұл жолы сен де маған кедергі жасама.

Әлібек. Сюзанна, кешірші мені!.. Менде басқа барар жер, басар тау қалған жоқ!..

(Әлібек жалма-жан Сюзаннаның алдына тізерлей отырып, оның қолын ерніне тигізеді. Сюзанна сыпайы ғана қолын тартып алады.).

Сюзанна. Тұр орныңнан!.. Мұның не?.. Не болып кеткенсің өзің?

Әлібек тұрады.

Сенсең, мен сені баяғыда-ақ кешіріп қойғам. Менің қатыгез адам емес екенімді өзің де жақсы білесің ғой.

Әлібек. Білем, жаным, білем!..

Сюзанна. (Басын шайқап). Өй, Алла-ай, не болып кеткенсің?..

Әлібек. Ешкім де, ештеңе де болған жоқ. Мен өзіңнің баяғы… өзің білетін Әлібегіңмін. Дегенмен, Сюзанна, сен менің қадірімді біл!..

Сюзанна. Қадірімді деймісің?.. Кімнің қадірін кімнің білмегенін бір Жаратқан білер. Үйленген күннің ертеңінен бастап, алдыңнан кесе өткенім жоқ – мен үшін сенің ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс болды. Қызмет еттім, отыңды өзім жағып, асыңды өзім түсірдім. Одан қалды, қолым кішкентай қалт етсе, азық-түлік іздеп, қаланың дүкен біткенін жалғыз өзім адақтадым. (Жыларман болып). Тіпті Экспериментальды биология институтында істеп жүргеніңде, лабораторияға жылу жібермей жатыр, кроликтер мен тышқандар тоңып өлетін болды дегеніңде, соларыңа дейін үйіме әкеп бақтым ғой. Сонда да жақпаппын саған. Өтіпік пе осыным?..

Әлібек. Рас-рас! Мен ақымақ болыппын. Кешір!..

Сюзанна. Жоқ, сен ешқашан ақымақ болған жоқсың. (Даусын қатайтып). Әлібек, шын айтсам, енді бәрі кеш.

Әлібек. Неге?!

Сюзанна. Мен басқа адамды сүйем.

Әлібек. (Өзіне өзі келіп). Бағанадан бері солай демеймісің! (менсінбеген үнмен). Сонда жаңағыны ма?

Сюзанна. Иә.

Әлібек. Оның қай жеріне ынтығып жүрсің? Сол көтерем тоқты секілді тырбиған бейшараның?!

Сюзанна. Сен бәрібір оны түсінбейсің.

Әлібек. (Кекетіп). А-а-а, мен түсінбейді екем ғой!.. Түсінікті-түсінікті.

Сюзанна селқос тыңдап тұра береді.

Иә, шынында да, мен қайдан түсінбекпін ондай күрделі мәселелерді. Сен секілді түсінігі мол адам емеспін ғой. Айтпақшы, әлгі көтерем тоқтың қай жерде істейді, что-то түрі таныс сияқты… Мамандығы не өзінің?

Сюзанна. Оның бәрінің не қажеті бар саған?

Әлібек. Не қажеті бары қалай – бәсекелесімді жете білуім керек емес пе?

Сюзанна. Ол – режиссер…

Әлібек. (Өп-өтірік күліп). Ә-ә, қиялилардың бірі десеңші. Бәсе-бәсе, сенімен қалай тіл табысып жүр десем…

Сюзанна. Сонда мені де қияли демексің ғой.

Әлібек. Иә-иә!.. Сен де сондай болатынсың. Және әлі ешқандай өзгермепсің, сол баяғы ауру қалпың. Иә-иә, біле білсең, бұл да ауру. Адам бойындағы психологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан болатын ауру.

Сюзанна. Рақмет.

Әлібек. Немене үшін?

Сюзанна. Бойымдағы кеселімнің диагнозын қойып бергенің үшін. Мүмкін оның емін де айтарсың?

Әлібек. (Бөлмені әрі-бері қазбалана кезіп). Өкінішке орай, бұл – ем қонбайтын ауру. Түсінемісің, ем қонбайтын!.. шынымды айтсам, мен сені дәл осыншалықты жеңілтек деп ойламаппын. Рас айтам. Мені қалай тез ұмытып үлгергеніңе таңмын.,

Сюзанна. Мен бе сонда ұмытшақ? Жоқ, қателесесің. Сен бізді тастап кеткен жылы алғашқы айларда мен кейде түн ортасында шошып оянатынмын. Сонан соң жалма-жан жау тигендей сыртқы есікке қарай жүгірем бірдеңеден құр қалып қойғандай. Маған сондайда біреу сыртқы есікті қағып тұрғандай көрінетін. Ол сен екенсің деп ойлайтынмын. Неге екенін қайдам, маған әйтеуір сен бір күні бізге, балаң екеумізге, міндетті түрде оралатындай болып көрінетінсің. Кілті жоқ қой, түн ішінде үйге кіре алмай тұрған шығар деп сені аяйтынмын. Алайда, орнымнан апыл-ғұпыр апыт тұрып, жалаңаяқ, жалаң бас, ішкөйлегіммен есіктің алдына жүгіріп барып, қанша тың тыңдасам да, үнемі есік қаққан ешкім жоқ болып шығады. Алқынып, дір-дір етіп, табалдырықтың көзінде жын қаққан адамша тұрам солай тағы бір бес-он минут. Бірақ ешкім жоқ. Дүние мылқауланып алған, тым-тырыс. Бөлмедегі аспалы сағаттың сыртылы мен менің алқынған жүрегімнің дүрсілінен өзге дыбыс атаулы естілмейді.

Сонан соң бірауық терезенің алдына барып, түн қараңғысына тағы біраз телмірем. Кей-кейде түнгі ауысымнан, немесе қонақтан қайтқан бірлі-жарым ер адамның сұлабасы қарауытса, мүмкін осы Әлібек шығар деп, солай қарай қадала қалатынмын. Бірақ олар үнемі бейтаныс басқа біреулер болып шығатын. Содан төсегіме келіп құлаймын баяғы. Таң ағарып атқанша кірпігім ілінбейді. Өңшең көңілсіз, сұрықсыз бір ойлар жан-жағымнан аш қасқырлардай қамап алып, түнімен талап шығады.

 

Ақыры арада бір жылдай өткенде сенен біржола күдерімді үздім. Қазір менің жүрегім тас болып қатып қалған. Ол енді менің өзіме де бағынбайды. Сондықтан сен мені қинама, басыма азаттық бер. Ендігі істеген жақсылығың сол болсын…

Әлібек. Сюзанна, өтінем. Әуелі мені тағы бір дұрыстап тыңдап алшы. Рас, мен ақымақ болдым. Тағы да қайталап айтам, қажет болса, аяғыңа жығылайын, құлың болайын. Жаңа айттым ғой, менің әлгі екінші әйелімнің аферистка болып шыққанын. Ол шын мәнінде меніңқойнымда жатқан сұр жылан болып шықты. Өзінің ішкі істер органында істейтін любовнигімен, басқа да сыбайластарымен бірігіп алып, мені банкрот қылып, сазға отырғызып кетті ақыры. Бірақ менің олардан жасырып қалған біраз қаржым бар. Мен жуырда қайтадан фирма ашам, қайтадан жаңа бір жоба бойынша іске кірісет. Ол жобаның барлық бүге-шегесі ойластырылған. Майда-шүйде детальдарына дейін. Енді маған сенуіңе болады, бір жылдан кейін мен қайтадан байимын. Миллионер болам! Доллармен есептегенде!.. Осы уәдемді орындамасам, ит болып кетейін! Рас, мен соңғы жылдары басымды тауға да, тасқа да соқтым. Бірақ оған пәлендей өкінбеймін. Өйткені соның арқасында ақша жасауды үйрендім. Білесің бе, жоқтан ақша жасауға болады! Өте көп ақша!.. біреудің өмір бойы тырбаңдап тапқан-таянғанын мен бір-ақ операциямен түсірем!.. Бір-ақ операциямен түсірем!.. Естіп тұрмысың, Сюзанна, мен жер бетіндегі ең ұлы өнерді – ақша жасау өнеріе – үйрендім! Так што, бір жылдың ішінде сені үлде мен бүлдеге бөлеп қоймасам, бетіме түкір! Бір-ақ жыл! Сонан соң Батыс Европаға, не Америкаға кетеміз. Әділ сондағы престижный университеттердің бірінде оқитын болады. Ал сен үлде мен бүлдеге оранып, әлемді шарлайсың. Дүниенің қызығын көресің қалған өміріңде! Айтшы, біз не көрдік осы өмірден№ Түк те! Егер маған сенсең, біз мынау дүниеден мына жартылай қайыршы елден басқа түк те көргеніміз жоқ!

Сюзанна. Жоқ, Әлібек! Мен ешқайда бармайым. Құдай басыма не салса да, жаңағы сен айтып отырған жартылай қайыршы елмен бірге көрем. Сүйегім солармен бірге осы жерде, ата мекенімде шіриді. Ертең сол менің топыраққа араласып кеткен шіріген сүйегімнің үстінен ерте көктемде туған жерімнің бір шоқ қызғалдағы самалмен тербеліп тұрса, менде басқа арман жоқ. Сен сенесің бе осыған?!

Мейлі, мен бәзбіреулер секілді кекірігім азғанша тамақ ішіп, былқылдаған шетелдік автомашиналарды мінбей-ақ қоярмын, сен айтып отырған Америка мен Европаны бұл өмірде өңім түгіл түсімде де көрмей өтермін, менің қала сыртында екі қабат, үш қабат виллаларым ешқашан болмас, бірақ менің жаңағы шіріген сүйегім тыңайтқыш болып сіңген топыраққа өзім туған өлкенің жып-жылы жаңбыры нөсерлетіп төгіп тұрса, менің рухым сол жып-жылы нөсердің шуылын естіп жатса, мен бақыттымын! Сенсең, маған содан басқа түктің де керегі жоқ!.. Кесіп айтайын, мен ешқашан басымнан саулатып алтын құйып қойсаң да, арамдықпен жиналған ақшаға ортақ бола алаймын.

Әлібек. Түу, Сюзанна!.. қайдағыларды айтасың. Қазір жұрттың бәрі адам танымастай өзгерді. Өзгермеген сен ғана. Құдайақы, баяғы сол шіп-шикі қалпыңда қалғансың да қойғансың! Адалдық, арамдық деген не пәле?! Бұ дүниеде барлық нәрсе салыстырмалы. Арамдық, адалдық туралы сенің түсінігің әлгіндей болса, басқалар ол жөнінде мүлде өзгеше ойлайды, ал үшінші біреулердің ойлары тіпті бөлек. Түсінсеңші, бұл күнаһар тіршілікте сенің бай, бақытты өмір сүруіңе не нәрсе қызмет етсе, соның бәрі – адал. Мынау адал, мынау арам деп таңбаланып қойылған ештеңе жоқ. Олардың бәрі кейбір романтиктердің ойдан шығарып алып жүргендері ғана! Жасың қырыққа келді, реалист болу керек қой. Мәңгі сәби болып қалуға болмайды. Бұл – нонсенс! Шекспир ме еді, кім еді әлгі «Өмір – үлкен театр, біз адамдар, соның актерларымыз» дейтін. Кім айтса да, өте дәл айтқан. Сен әлгі радио мен теледидардан мынау аңқау, топас жұртқа жалған моральдарын оқитын журналистер мен жазушылардың, депутаттардың саяси ұпай жинау үшін айтылатын ертегілеріне алданумен келесің. Есіңде болсын, лоарға ешқашан сенуге болмайды! Өйткені олардың шындықтары, адалдықтары тәтті тілдерінде, алдамшы үндерінде ғана! «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап» Бұны айтқан мен емес, Абай! Сен пір тұтатын Абай! Әлгі Сайрағыштардың бәрінің демей-ақ қояйын, жүзінің тоқсан тоғызының артында әрқилы саяси алпауыттар, қаржы магнаттары тұр. Олар солардың бақтарындағы бұлблдар.